«Әзірге, Алматы қаласы Көлік басқармасына қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын көтеру туралы жолаушы тасымалдаушы муниципалдық және жеке кәсіпорындар тарапынан ешқандай өтінім келіп түскен жоқ. Негізінен, тарифті көтеру туралы өтінімдер әр үш жылда бір рет қаралады. Соңғы рет жол жүру ақысы 2012 жылы қаралған болатын. Әрине, өтінім жасайтын уақыт болды. Бірақ, бұл мәселе әлі қаралған жоқ. Дегенмен, біздің мақсатымыз - биылғы жылдың соңына дейін бағаның қымбаттамауына күш салу. Сондықтан, алдағы күндері жолаушы тасымалдаушылар тарапынан өтінімдер келіп түскен күннің өзінде биылғы жылдың соңына дейін бұл мәселе көтерілмейді», - деді Е. Әділов. Сонымен қатар, оның айтуынша қалада бензиннен басқа дизельдік жанармайдың бағасы өзгеріссөз қалуы мүмкін. Айта кетелік, қазіргі таңда Алматы қаласында барлығы 21 жолаушы тасымалдаушы кәсіпорын жұмыс істейді. Күн сайын қала көшелеріне мыңнан астам автобустар, троллейбустар және трамвайлар шығады. Фото: automag.kz
17:21, 07 Қыркүйек 2015
Алматыда биылғы жылдың соңына дейін қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын қымбаттатпауға күш саламыз - Е. Әділов
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биылғы жылдың соңына дейін қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын қымбаттатпауға күш саламыз. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімдігінде өткен баспасөз брифингінде Алматы қаласы Көлік басқармасының басшысы Ерлан Әділов мәлімдеді.