Абай көшесінің бойында орналасқан ғимарат сәулетші Михаил Кудрявцев жобасымен 1950 жылдары салынған.
Ғимаратта басты кіреберіс пен ғимараттың алдыңғы жағында порталдар, парапеттер, күрделі карниздерге мән берілген. Оларды композиттік колонналар көтеріп тұр. Порталдың аркалары, люнеттері оюлары бар белдеулермен безендірілген.
Ғимарат қаладағы классикалық және өңірлік дәстүрлерді синтездеуді паш ететін «ұлттық үлгідегі» сақталып қалған аз нысанның бірі. Ол Алматының басты магистральдарының бойындағы салынған құрылыстардың маңызды элементтерінің бірі болып саналады.
ҚР «Тарихи-мәдени мұралар обьектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңына сәйкес нысанды тізімге енгізу тарихи және мәдени ескерткіш мәртебесін беру үшін жасалады. Нысанның мәртебесі туралы нақтылы шешім қабылданғанға дейін осы заңға сәйкес ол тарихи-мәдени мұралар ескерткіштерімен бірдей қорғалады.
Заңға сәйкес оны пайдаланушы ескерткішті қорғағандай мұқият болуы тиіс. Яғни, ғимараттың сыртын, ішін қайта жасауға, конструкцияларын алу, қосалқы құрылыс салуға, мақсатты пайдаланылуын және айналасын өзгертуге тыйым салынады. Ғимараттың ішін жөндеу немесе қайта жасау үшін өкілетті органның келісімі қажет.
Айта кету керек, бұрын Алматы әкімі Бауыржан Байбек заңнамаға сәйкес «Сайран» автовокзалын жергілікті маңызы бар тарихи ескерткіштер тізіміне енгізу туралы мәселені қарауды тапсырған болатын.