Алматыда «Денсаулық -2013» спартакиадасы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушылары мен қызметкерлері арасында «Денсаулық - 2013» спартакиадасы өтіп жатыр. Оған әрқайсысы 8-9 адамнан құралған 13 команда қатысуда.

«Спартак» стадионында 14 қаңтарда жалауы көтерілген бұл бәсеке 20 қаңтарға дейін созылады. Спартакиада барысында қатысушылар футбол, волейбол, баскетбол, кермеге тартылу, ұзындыққа секіру, шахмат, шашка сияқты спорт түрлері бойынша өзара сайысқа түседі. Мақсат - салауатты өмір салтын насихаттау, студенттерге үлгі-өнеге көрсету», - дейді жоғары оқу орнының баспа орталығының жетекші маманы Әлия Асмағұлова. Оның айтуынша, «дені сау адам - табиғаттың ең қымбат жемісі» екеніне ешкім дау айта алмайды. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды, тәні сау болатын, оның адам өмірінде алатын орны ерекше екендігін барлық адам жақсы біледі. Алайда көп жағдайда еңсені басқан жалқаулықпен, оны назардан тыс қалдыру жиі кездесетін жәйт. Сондықтан күнделікті күйбең тіршіліктен бәр сәт бой жазып, өзара бас қосып, жарысқа түсу университеттің оқытушы-профессорлар арасында да үлкен қолдау табуда.