Алматыда диспетчерлер автобустардың жылдамдығын бақыламақ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда диспетчерлер автобустардың жылдамдығы мен олардың қозғалыс кестесін бақылайды. Бұл туралы «Алматы көлік холдингі» ЖШС директорының міндетін атқарушысы Садир Хамраев хабарлады.

«Бүгін тест режимінде жұмысымызды бастадық. Қала бағыттарындағы қоғамдық көліктердің жұмысын бақылауға, жұмыс үдерісіне араласуға мүмкіндігіміз бар.  Саябақтарда шығару бойынша диспетчерлер бар, олар қоғамдық көлікті шығарып, әрі қарай басқару орталық  диспетчерлік басқармаға көшеді. Негізгі мақсат - көлік уақытында жүріп, қозғалыс интервалын сақтауы», - деді Садир Хамраев.

Бүгінгі күні 8 бағыттағы 120-ға жуық автобусты диспетчерлер басқарып отыр. Жүйе жылдамдықтың бұзылуын, интервалдың сақталуын және аялдамадағы тұру уақытын көрсетеді.

«Диспетчер арнайы жабдық арқылы жүргізушіге хабарласып, тиісті тапсырма береді. Ол кесте бойынша жүру, бәсеңдеу жүру, интервалды сақтау сияқты тапсырмалар болуы мүмкін», - деп түсіндірді Садир Хамраев.   

«Диспетчер жүргізуші» жабдығына диспетчер хабарласқанда ол автоматты түрде қосылып, дыбыс қатты шығады.

Диспетчерлер штаты 32 адамды құрайды. Диспетчерлердің орташа жалақысы - 80 - 110 мың теңге шамасында.