Алматыда Халықаралық әйелдер күніне орай үздік нәзік жанды әскери қызметшілер марапатталды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөлімінің клубында 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай салтанатты жиын өтті.

Оған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының өкілдері, әйел әскери қызметшілер, Ұлттық ұлан ардагерлері, офицерлер мен жауынгерлер қатысты.

Өзінің алғы сөзінде ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиев әйел әскери қызметшілерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, олардың әскери салада ойдағыдай еңбек етіп жатқандарына ризашылығын білдірді.

«Бүгінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімшелерде 390 әйел әскери қызметші ерлермен бірге әскери қызметін ойдағыдай атқарып жүр. Яғни, Қазақстан қоғамында және әскери салада әйелдердің алар орны ерекше. Әйел - үйде аяулы ана, адал жар болса, жұмыста үлгілі қызметкер, сенімді әріптес, қарулас дос. «Ер - үйдің егесі, әйел - үйдің шегесі» дегендей, темірдей тәртіпті талап ететін әскери салада, Ұлттық ұлан қатарында нәзік жанды әскери қызметшілеріміз ұжымды ұйытып, ауызбіршілігін қамтамасыз етіп отыр», - деді генерал-майор Ә. Серәлиев.

Бұдан кейін қолбасшылық құрамы мен Ардагерлер кеңесі әскери-жауынгерлік даярлықтарда үздік көрсеткіштерге қол жеткізген нәзік жанды әскери қызметшілерді құрмет грамоталарымен, сондай-ақ бүгінгі салтанатты жиынға қатысқан басқа да әйелдерді «Әскери қызметкердің әйелі» және «Офицер әйелі» атты медальдармен марапаттады.

Бұдан басқа, кейбір әскери қызметшілерге кезектен тыс «офицер» әскери шені берілді. Мысалы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға офицері - капитан Баймағамбетова Данара Тәңірбергенқызына мезгілінен бұрын «майор» әскери шені берілді. Жиын соңында «Генерал» ән тобы мерекеге орай концерт қойды.

Айта кетелік, қазіргі таңда еліміз бойынша Ұлттық ұлан қатарында 1900-дан астам әйел әскери қызметші қызмет атқарады. Олардың 250-ден астамы офицерлік қызметте.