Қоюшы-режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хусейн Әмір-Темір, қоюшы суретшісі Мұрат Сапаров, композиторы КСРО Халық әртісі Ғазиза Жұбанова мен Алиби Мамбетов. Ондағы басты кейіпкерлерді Азамат Сұрапбай (Кебек), Зәуре Көпжасарова (Еңлік), Жандарбек Садырбаев (Есен), Айдос Бектеміров (Кеңгірбай), Елжан Тұрысов (Жапал) және тағы басқалар сомдады.
Мұхтар Әуезов бұл қойылымды Семей қалалық мұғалімдер семинариясында оқып жүріп Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастанының негізінде жазған болатын. Ол алғаш рет Абайдың қызы Кенже мен Әйгерімнің тіркестіріп тіккен киіз үйінде 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде автордың режиссерлігімен сахнаға шығарылды. Тобықты мен найман арасындағы жесір дауын арқау еткен бұл қойылым одан кейін 1921 жылы мамырда «Ес-аймақ» труппасының сахнасында Жүсіпбек Аймауытовтың режиссерлігімен қойылды. Ал 1922 жылы Орынборда бұл пьеса кітап боп басылып, түрлі труппалар мен көркем үйірмелердің репертуарынан тұрақты орын алды. Сондықтан 1926 жылы Қызылордада құрылған Қазақ драма театры өз шымылдығын Серке Қожамқұловтың режиссерлігімен қойылған «Еңлік-Кебекпен» ашты. Аталмыш қойылымды бұл театрдың сахнасында одан кейін 1933 жылы М. Насонов, 1944 жылы А. Тоқпанов және 1957 жылы М. Гольдблот пен Қ. Қуанышбаев қайта сахналаған болатын.