Алматыда I халықаралық Қазақ-Британ академиясы құрылтайшыларының алғашқы кеңесі өтеді

АСТАНА. Желтоқсанның 7-сі. ҚазАқпарат - Желтоқсанның 9-10-ы аралығында Алматыда  Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Мәдениет комитетінің және Мәдени саясат және өнертану институтының ұйымдастыруымен I халықаралық Қазақ-Британ академиясы құрылтайшыларының  алғашқы кеңесі өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ұйымдастыру комитетіне сілтеме жасап.

Ағымдағы жылы қыркүйектің 1-8-і аралығында қазақстандық бір топ ғалымдар Кембридж университетінде  өткен Қазақстанның тарихи және қазіргі заманғы аспектілеріне арналған өркениеттер диалогы контекстіндегі «Шығыс-Батыс» атты халықаралық конференция жұмысына қатысып қайтқан болатын. Өткізілген шаралар негізінде Ұлыбритания Корольдігі жанындағы Азия қоғамымен бірлесіп, Алматы қаласында Орта Азия ғалымдарының қызметін үйлестіруші ретінде Қазақ-Британ академиясын ашу туралы келісімге қол жеткізілген еді. Академияның құрылуы және оның қызметі Қазақстанның жалпыеуропалық және әлемдік академиялық және мәдени қауымдастық кеңістігіне ықпалдасу, еліміздің шетелге танылуына және алға жылжуына, қазақстандық интеллектуалдық потенциалының қалыптасуы мен насихатталуына ықпал ететін болады.

Аталған іс-шараны өткізудің негізгі мақсаттары мен міндеттері: «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын халықаралық дәрежеде насихаттау, қазіргі өркениетті заманға лайықты ортақ кеңістіктегі конструктивті диалог қалыптастыру, Қазақстанның Әлемдік өркениеттер диалогы  қауымдастығындағы өзіндік орны мен маңызын анықтау, әлемдік өркениет принципіне негізделген идеялық-дүниетанымдық концепция жасап, маңызды құндылықтарға орай тараптармен шығармашылық қарым-қатынаста болу, 2010 жылғы Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы ауқымында барлық мәдени және әлеуметтік-гуманитарлық жүйеде диалогтық тұғырнама қалыптастыру.

Алқалы жиынға белгілі мемлекет және мәдениет қайраткерлері, Қазақстан мен Ұлыбританияның ғылыми-шығармашылықпен айналысатын зиялы қауым өкілдері қатысады.