Соңғы жылдары қала әкімдігі ірі сауда орындары маңында заңсыз саудамен айналысушылармен күресуді қолға бекем алған. Соның нәтижесінде бүгінгі жүргізілген рейд барысында заңсыз саудамен айналысып жүрген бірде-бір адам көрінбеді.
Медеу ауданы әкімінің орынбасары Берік Мұстафин Көкбазар қаладағы ең ірі сауда орталығының бірі болып табылатындығын, 17 жылдай бұл базар маңында заңсыз саудагерлер жұмыс істеп, яғни жабайы сауда орнына айналдырып жібергендігін айтып өтті. «Биылғы жаңа жылдан бері онымен күресу үшін көптеген шаралар қолға алынып, терең талдау жүргізілді және жабайы сауданың тарауына әкелетін бірнеше себептер де анықталды»,-дейді әкім орынбасары.
Жүргізілген шаралар барысында базар маңынан жүретін автобустар, яғни Пушкин көшесімен жүріп Райымбек көшесіне шығатын қоғамдық көліктер қатары азайған. Бұл автобустардың басым бөлігі қала маңындағы елді-мекендерге адам таситын көліктер болғандықтан олардың тұрақтайтын орындары «Саяхат» автобекеті екен. «Біз қалалық қоғамдық көліктеріне тексеру жұмыстарын жүргізіп, қалаға қызмет етпейтін көліктерді «Саяхат» автобекетіне тұрақтауды бұйырдық. Сонымен қатар базар маңынан жүретін көліктердің санын азайтып, оларды жақын маңдағы көшелерден өткізуді жөн көрдік», -дейді Б.Мұстафин.
Бұған дейін Пушкин көшесі бойындағы аялдамадан сағатына 140 автобус жүріп өтіп отырған екен. Бұл адамдардың осы аялдама маңына көп шоғырлануына себепші болып, жабайы сауданың өршуіне әкеп отырған.
Б.Мұстафин сонымен қатар жабайы саудамен айналысып келген адамдарға әкімшілік кодекстің бірнеше бабы бойынша ешқандай шара қолдана алмадық дегенді алға тартады. Алайда базар маңын абаттандырып, көптеген талдар егіп, қоршаулар салған. Алдағы уақытта Медеу ауданының ІІБ мен бірігіп күнделікті рейдтер жүргізу қарастырылуда екен.
Әкім орынбасарының айтуынша, осы базар маңында бұған дейін 6 мыңға жуық саудагер заңсыз жұмыс істеп келген көрінеді. «Бұл адамдардың өте үлкен бөлігі, олардың әрқайсысының өз проблемалары, отбасылық әлеуметтік жағдайы болған. Біз олардың мәселесінен бас тарта алмадық. Сондықтан олардың әрқайсысымен жеке кездесіп, мәселелерін шешуге тырыстық»,-дейді ол. Нәтижесінде олардың 95 пайызы қала тұрғындары еместігі анықталып, тіптен кейбірі өзге елдің азаматтары болып шыққан. Өзге елдің азаматтары үшін Қазақстанда заңды жұмыс істеу мәселелері қаралса, ел азаматтары үшін оларды өзге жұмысқа орналастыру шаралары жүргізіліп, сауда жасауға басқа орындар тауып берілген. Мәселен, жұмыс істеуге құлшыныс білдірген 2800-дей адам жұмысқа орналастырылыпты.