Алматыда қаһарман батыр Бауыржан Момышұлын еске алу кеші өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Кеше Алматыда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, ҚР Ұлттық кітапханасы «Парасат» жастар клубының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысына қатысушы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметовамен кездесу болып өтті. Оған осы клубтың мүшелері, кітапхана оқырмандары және қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Кездесу барысында Зейнеп апа қайын атасы Бауыржан Момышұлы туралы қызғылықты естеліктерімен бөлісті.

«Атамның бір сөзі болатын. «Мен, өлгеннен кейін де тірілердің арасында жүретін бақытты жанмын» - дейтін. Мінеки, қай жерге барсаң да, ата тірілердің арасында жүреді. Міне ,сіздер де еске алып отырсыздар. Атаның әруағы біліп жатыр.

Мен өзі құйма құлақ болдым. Айтқандарын қағыс жібермей жазып жүруге тырыстым. Ас ішетін бөлмедегі үстелдің тартпасында сырты май-май болып дәптерлерім жататын. Тамақ істеп, шай қойып, бөлмеге кіріп-шығып жүргенде «ұмытып кетпейінші» деп жазып жүретінмін. Соның барлығы атаның сөздері, атаның аманаты, атаға жеткен бабалардың өсиеті.

Кім-кімге келін болмай жатыр? Қазақтың бір қара шалына келін болсам да сол құрметті, сол ізетті жасар едім. Ата-анамыздың тәрбиесін көрдік қой. Бірақ, Алла тағала сол қазақ халқының ардақтаған, әлпештеген ұлының қолына су құйып, шайын қайнатып беру бақытын менің маңдайыма жазған екен. Мені халық сол атаның арқасында ғана біліп жатыр. Әлгі күріштің арқасында күрмек су ішіпті дегендей ғой. Халық сол өзінің батырының келінін қалай көргісі келді, мен солай болуға тырыстым. Сол межеден шықтым ба, шықпадым ба білмеймін. Бірақ соған әлі де тырысып жүрмін. Өйткені мен қазақтың келінімін!» - деді З. Ахметова.

Осы жерде ұлтын, ана тілін сүюде, дәстүрді қастерлеуде ұлттық намысты ту етіп ұстауда Бауыржан Момышұлының өмір жолы үлгі екендігін айта келе, Зейнеп апа бүгінде көп адамның ұлтты сүю, ұлтқа қызмет ету дегенді түсіне бермейтіндігін жеткізді.

«Өз ұлтыңды сүю ол бір тау қопаратын тірлік емес. Ол ауылдың көже намысы емес. Ол өз ұлтың үшін өз жауапкершілігіңді сезіну, оны түсіне білу. Мысалы қыз бала болсын, ұл бала болсын, ауылда жүргенде оларды әдетте «Пәленшенің ұлы, қызы, түгеншенің інісі, қарындасы» - дейді ғой. Ал үйден қырық қадам шыққан соң, пойызға немесе ұшаққа отырып, басқа қалаға, басқа елге барған соң кімде болса пәленшенің де, түгеншенің де емес, «Қазақтың ұлы», «Қазақтың қызы» атанады. Жақсы атың шықса: «Ой, мынау қазақтың жақсы баласы ғой, текті атаның баласы» - дейді. Жаман атың шықса: «Ой, қойшы соны» деген сөздер айтылады. Яғни, тірлігіңнің әсері ұлтқа тиеді. Соны сезініңіздер», - деді Баукенің келіні.

Сонымен қатар, Зейнеп апа Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевтың арасындағы достық қарым-қатынас туралы да қысқаша әңгімелеп берді.

«Рақымжан аға мен Григорий Булатов екеуі Рейхстагқа бірінші болып ту тіккенін білесіздер. Бірақ оларға Батыр атағы бұйырмады. Содан соғыстан кейінгі уақыт. Рақымжан аға осы Алматыда моншада жұмыс істеп жүрген екен. Әбден ішқұса болып, қаны қайнап, ширығып жүрген кезі болса керек. Бір күні сәлем беруге атаға келеді. Сонда да ашыла алмай, тұйықталып отырыпты. Енді атаның өзі майдангер болған соң, қалай сөйлетуді біледі ғой. Содан не керек, екеуі ұзақ әңгімелесіпті. Рақымжан аға бүкіл өмірін, соғыс жылдарындағы басынан кешкендерін, Берлинді алу ұрысын баяндап береді. Кейін аға кеткен соң, ата тез арада «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы болып істеп жүрген Кәкімжан Қазыбаев дейтін інісіне телефон шалып, «Жет тез» деп үйге шақырады. Кәкімжан ағаны ата «Қара бала» дейтін. Келген соң, ата оны жер-жебіріне жетіп ұрсады. «Журналиспін деп мақтанасыңдар. Қызметім бар, дипломым бар деп көкисіңдер. Соғыс біткелі 14 жыл болды! Ал мына жерде көз алдарыңда мынадай адам жүр. Күні бүгінге дейін ешкім білмейді. Тірі адам білмейді! Ал сен білесің бе, мен 4 жыл соғыста болдым. Бірақ, сол соғыстың ең сұмдығы - Берлинді алу ұрыстары! Қаншама жауынгер опат болды. Сұмдық қырылды. Сонда бұл жігіт өліктердің үстімен барып, Рейхстагқа ту тіккен. Сендерге бұдан артық қандай ерлік керек?», - деп ұрысады, жерден алып жерге салады. Кейін Кәкімжан аға іле-шала Рақымжан ағамен кездесіп, әңгімелесіп, деректер жинап, ол туралы тамаша кітап жазды. Бұл Рақымжан аға туралы тұңғыш жарияланым болатын. Осының барлығына түрткі болған ата еді. Кейін атаның өзі де Мәскеу архивтерінде іздеу жұмыстарын жүргізіп, Рақымжан аға туралы деректер жинайды. Сөйтіп, Дінмұхамед Қонаевқа хат жазды. Ол хаттың көшірмесі үйде тұр. Бұл - тарихи шындық. Өзіне емес, Рақымжан ағаға Батыр атағын беруді сұрады. Дегенмен, өкінішке қарай, қанша тырысқанмен нәтиже болмады. Бірақ Рақымжан ағаны халқы алақанына салып құрметтеді. Аға халқының алдында жарқырап жүрді. Ал егер ата болмағанда Рақымжан ағаның тағдыры құдай біледі, қалай боларын. Ал үйге Қасым аға екеуі келіп тұратын. Өздері енді нағыз батырлар ғой. Бірақ атадан қорқатын (күлді). Сол ұзынды-қысқалы болып келеді. Қасым аға ірі денелі бойшаң кісі ғой, ал Рақымжан аға бойы шағындау, төртбақ келген кісі. Сонда мен есікті ашқанда ылғи Қасым ағаның артында тұратын. Атамды олар «Дәу» деп атайтын. Сонда бірде қалжыңдап: «Дәудің оқыс мінезі шыға қалса, маған қарағанда терісі қалың ғой, Қасекеңе тисін деп әдейі артында тұрамын», - дейтін жарықтық. Талай рет қолымнан дәм татты. Сонда алдарына шай әкелемін. Атам: «Ал айналайын енді бара ғой, Рақымжан өзі құяды ғой», - дейтін. Үшеуінің әңгімесін осынша тыңдағым келсе де амалсыздан бөлмеден шығып кетуге мәжбүр болатынмын. Өздері шай ішіп отырып ұзақ әңгімелесетін.

Енді атама келер болсам, ғалымдар айтады екен, «Сөнген жұлдыздың жарығы миллиондаған жылдарға жетеді» деп. Ата- сондай тұлға. Бүкіл ұлтқа ұран болған, ұлттық намысты ту етіп ұстаған, әлемге қазақтың атын шығарған ұлттық дәрежедегі батыр ата болғандықтан да халқы атаны ешуақытта аузынан тастамайды», - деді Зейнеп апа.