Бүгін Қазақстан жазушылар кітапханасында қала күні мерекесіне арналған «Алматым жүрегімде ...» атты кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кешке Қазақстанның халық жазушысы, ақын Тұманбай Молдағалиев, Әуезов ауданының әкімі Бекқали Торғаев, «Айгөлек» балалар журналының бас редакторы Қымбат Әбділдақызы, «Ұлан» газетінің бас редакторы Есей Жеңісұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, «Қазақ энциклопедиясының» бас редакторы Бауыржан Жақып қатысты.
Сонымен қатар, кешке №13, 72, 86, 104, 139 мектептің әдебиетке деген талпынысы мен құштарлығы басым, өлең оқуға ынталы оқушылары мен оқырмандар келді.
Кеш бағдарламасы «Алматым жүрегімде ...» атты әдеби - музыкалық композициямен басталып, одан әрі «Бір ел - бір кітап» атты шарамен жалғасты. Әуезов ауданының мектеп оқушылары мен студенттері ару Алматы туралы өлеңдер оқып, әндер айтты, кіші-гірім қойылымдар көрсетті. Кеш басында сөз алған Қазақстанның халық жазушысы, ақын Тұманбай Молдағалиев өз тілегін өлеңмен жеткізді. Кешке арнайы келген әнші Бағдат Сәмединова Алматы туралы әнімен кештің көркін аша түсті.
«Әсем қаламыз Алматының туған күніне арналған кешті ұйымдастырудағы мақсатымыз - Қазақстан ақын-жазушыларының әдеби шығармаларын, өлең-жырларын насихаттау, жастардың патриоттық тұрғыда тәрбиеленуіне, жастық жігерлерін, талап-ынталарын жетілдіруге, олардың шығармашылық озық ойы мен талпыныстарына, ізденістеріне демеу беру», деді кітапхана меңгерушісі Елена Ағайса.