Съезд жұмысына Денсаулық сақтау министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, ІІМ-нің, Әділет министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкілдері, , еліміздің және Ресей, Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан елінің фтизиатрия ҒЗИ-ның директорлары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, медициналық университеттердің ректорлары, фтизиатрия кафедраларының меңгерушілері қатысуда.
Екі күнге созылатын съезд барысында елімізбен қатар, ТМД және әлемдегі эпидемиологиялық хал-ахуалды тұрақтандыру, жақсарту жолдары қаралып, туберкулезге қарсы күрес Ұлттық бағдарламаны жүзеге асырудағы түйінді мәселелер талқыланып, шешу жолдары ұсынылмақ. Сонымен қатар 5 жыл ішінде атқарылған жұмыс нәтижесінің қорытындысы шығарылмақ.
Естеріңізге сала кетейік, съезд бес жылда бір рет өткізіліп тұрады.
«Соңғы бес жыл ішінде (2005-2009 жж) туберкулезді алғаш жұқтырған науқастар арасында туберкулездің асқынған түрлері 669 жағдайдан 122 жағдайға кеміді, туберкулез менингиті 46 жағдайдан 18 жағдайға кеміді, туберкулезден өлім көрсеткіші 38 пайызға азайды. Жасөспірімдер арасында науқастану деңгейі бәсеңдеді», - деді жиын барысында ҚР ДСМ жауапты хатшысы Болат Садықов.
Оның айтуынша, туберкулезге қарсы бағдарламаның айырықша бағыттарының бірі көптеген дәріге төзімді туберкулезге қарсы күрес болып табылады. «Осы мақсатта барлық туберкулезге қарсы мекемелерде туберкулез диагностикасын жылдамдату және көптеген дәріге төзімді туберкулезді емдеуді ертерек бастау мақсатында заманауи зертханалық «Bacteg-Mgit- 960» қондырғысы кеңірек пайдаланылды. Биылғы 2010 жылдан бастап 10 облыста молекулярлық генотиптік зертханалық тәсіл енгізілді. Ахуалды жақсарту мақсатында жаңа заманға сай диагностикалық анықтау, емдеу жүргізіліп, жүйелі мониторинг жасалды. Сонымен қатар инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіруде де үлкен іс-шаралар жүргізілді. Тиісті салалар мен мекеме мамандарының біліктілігі арттырылды. Облыстық, аймақтық, аудандық туберкулезге қарсы диспансерлерде төсектің қоры қайта құрылымдалды», -деді ол.
Болат Садықовтың айтуынша, қылмыстық атқару жүйесіндегі туберкулездің эпидемиологиялық жағдайының күрделілігі өз әсерін тигізіп, осы саладағы туберкулезбен науқастану, өлім көрсеткіштерінің өсуіне әсер етуде. «Осыған байланысты Қарағанды және Павлодар облыстарындағы туберкулездік мекемелеріне «ДОТС » бағдарламасының пилоттық жобасы енгізілуде. Бұл шара оңды нәтижеге қол жеткізуге көмектесері анық», - деп атап өтті ол.
30 жыл еңбек өтілі бар, ШҚО-ның туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері, фтизиатр Майгүл Жігітекованың айтуынша, V-ші съезден кейін бұл қызметте сапалы өзгеріс байқалған. «Ол нәтижені Елбасының және мемлекеттің жан-жақты қолдауының арқасында атқарылған ауқымды шаралардың жемісі деп білемін. Бүгінде бұл мәселені шешуге дәрігерлермен бірге, жергілікті органдар мен халықаралық ұйымдар белсенді ат салысуда. Бұл өте қуантарлық жағдай»,- деп атап өтті ол.