Қазақстандық шеберлердің орындауындағы аталмыш үш дискілі жинақ «UMS Агенттігі» қоғамдық қоры мен ҚР Кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағатының бастамасымен, Кока-Кола қоры грантының арқасында жарыққа шығып отыр.
Альбомға өткен ғасырдағы барлық ұлттық опералық туындылар, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының қабырғасында қойылған орыс және шетел классиктерінің жекелеген шығармалары кірген. Сонымен қатар, СD- альбом театрда бір кездері қызмет жасаған дирижерлар жайлы да мәлімет береді.
Альбомға қазақ опералық өнерінің саңлақ әншілері театр труппасына келген ретіне байланысты енгізілген. 1 дискте Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры труппасының ең алғашқы орындаушыларының жазбалары енгізілсе, 2-ші дискіде өткен ғасырдың 70-90 жылдардағы әншілердің жазбалары ұсынылған, ал 3-ші дискіде жас ұрпақтың жарқын уәкілдерінің орындауындағы опера әндері кірген. Атап өтерлік жайт, жинаққа 10 жылдан астам мерзім ішінде Дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағатынан қайта қалпына келтіріліп, өңдеуден өткен сирек кездесетін құнды жазбалар енген.
«Бұл дискті бір-бірімен тығыз байланысты еліміздің музыкалық тарихының үш кезеңіне, өткенге шолу деп қараған жөн. Мұнда көне қазақ мәдениетіне тыңнан қосылған еуропалық жанрдың сіңісу кезеңі, қазақстандық сазгерлер мектебінің қалыптасуы және танымал әншілер мен дирижерлар арқылы, көрнекті туындыларымен есте сақталған Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының тарихы баяндалады. Бір сөзбен айтқанда, СD- альбомға жоғарғы әншілік және орындаушылық үлгілерінің бай материалы енген»,-деді «Асыл мұра» жобасының негізін салушы Есетжан Қосубаев.
Тұсаукесер барысында жинақтың шығуына қаржылай көмек көрсеткен Орта Азия елдеріндегі және Қазақстандағы Кока-Кола компаниясының өкілі Арыстанбек Нұрмаханов: «Біз Қазақстанның мәдени жәдігерлерін сақтап қалуға үлес қосқанымызға қуаныштымыз. Бүгінгі атаулы күн 10 жылдық жұмысымыздың жемісі. Жаңа музыкалық жинақтың ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай жарық көруінде өзіндік мән бар, себебі, бәріміз өткенімізді сақтау арқылы Қазақстанның болашағын байытамыз»,-деді.
«Бүгін біздер, опера саласында жүрген әртістер үшін үлкен мереке. Жинақтың үлкен маңызға ие екендігін атап өткім келеді. Бұл дискілермен Қазақстанның опера өнеріне саяхат жасауға болады және мұнда қазақстандық опера әншілерінің әр түрлі жылдар мен әр түрлі уақыттары шырқаған арияларын тыңдай аласыз. Мен шығармашылық адам ретінде, орындаушылардың шығармашылығы осындай дисктерде тарих болып қалатынына өте қуаныштымын»,-деді дисктің таныстырылымында Қазақстанның Халық әртiсi Нұржамал Үсенбаева.