Қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін Алматыда ҚР Парламент Сенатының спикері Қайрат Мәмидің төрағалығымен Елбасы Жолдауындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өткен мәжілісте осылай мәлім етті.
«Өткен жылы, Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы еліміздің одан ары даму бағытын айқындайтын тарихи маңызды құжат «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жариялады. Оны Алматы қаласы жұртшылығы ықыласпен қарсы алып, зор қолдауын білдірді. Жолдау жарық көрген күннен бастап қала көлемінде 130-дан астам талқылаулар мен өзге де іс-шаралар өтті», - деді А.Есімов. Шаһар басшысының айтуынша, мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласы, жоғары және орта оқу орындары студенттері, шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысуымен барлық мекемелер мен ұйымдарда талқылаулар өтіп, БАҚ беттерінде азаматтардың пікірлері жарияланды. Мұның бәрі Елбасы саясаты мен әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге деген халық ризашылығының белгісі. Жолдауда айтылғандай, қоғамның барлық мүшелері мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісі мен олардың жүзеге асырылуына атсалысып, тікелей қатыстырылуы қажет. Жоспарлар мен бағдарламалар әзірлеуде мемлекеттік органдардың жауапкершілігі күшейтіліп, жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік берілмек.