Алматыда кино өндірісінің болашағы талқыланды

trong>Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -  Бүгін Алматыда «Отандық кинематографияның еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуындағы алып отырған орны және оның заңнамалық қамтамасыз етілуі перспективалары» атты дөңгелек үстел өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитеттерінің мүшелері, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «Ш.Айманов атындағы Қазақфильм» АҚ-ының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары  жиынның алдында киностудияның түсіру алаңдарын аралап шықты.

«Дөңгелек үстелдің мақсаты 2008 жылы 2 ақпанда қабылданған «Мәдениет туралы» заңға, оның ішіндегі отандық кинематография саласына  өзгерістер мен толықтырулар енгізу болып табылады. Түзетулердің негізгі бөлігі кинематография мәселелері болғандықтан, бүгінгі жиында сол заң жобасына байланысты кино саласының мамандарының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, қорытынды шешім қабылданады», деді ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов.

Жиын барысында сөз алғанҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Төлеген Мұхамеджанов «Ұлттық идеология мен мәдениетті құруда кино - өте маңызды рөл атқарады, киноның ықпалы өте зор екенін түсіну керек. Отандық кино қажетті болуы үшін қаржылық мүмкіндік жасау керек» деді. Оның айтуынша, біз ол жағынан Ресей мен Украина елдерінен қалудамыз. Ол елдерде ҚҚС, әр түрлі баж салықтары, жер салықтары алынып тасталған. Бізде фильм түсіруге өкімет бөлетін үлкен қаражат, өзіне салық түрінде қайтып оралады.

«Қазақстанда 77 кинотеатр жұмыс істейді, оның 35-і ғана жоғары деңгейде қамтамасыз етілген. Қалғаны заманға сай киноқұралдармен жабдықталмаған. 2002 жылы көрермендер саны 2 миллион болса,  2008 жылы көрермендердің саны 7 миллионға жетті. Ал, Ресейде жылына 150 миллион көрермен кинотеатрға барады. Қазіргі күні елімізде кинотеатрларға барушылар саны 4 есеге өсті, дегенмен ол көрсеткіш әлі де аз.  Елімізде прокаттың  70 пайызы шет елдің, әсіресе АҚШ-ның фильмдері,  20 пайызы Ресейдің кинолары, 5 пайызы ғана қазақстандық киноларды құрайды. Бұл жағдайдан шығудың жалғыз жолы бар - ол үшін отандық кино өнімдерді көптеп шығару керек. Сол үшін кино өндірісін дамытатын нақты, жұмыс істейтін заң қажет. Егер де жылына кем дегенде 30 картина түсірсек, біздің кинолар дивиденттер әкеледі», деп атап өтті «Қазақфильм» АҚ-ының президенті Ермек Аманшаев. Оның айтуынша, Кино туралы заң қазіргі кезде Парламент мәжілісінің қарауында жатыр. Қазақ киносының дамуы үшін бұл заңның қабылданғаны, кейбір заңдарға өзгерістер енгізілгені керек-ақ.

«Қазақфильм» АҚ-ы бүгінгі таңда Қазақстан бойынша, жалпы Орталық Азия аймағында ірі киноөндірістік база болып табылады.

2008-2009 жылдар аралығында киностудияда мемлекеттік қолдаумен 22 көркем сурет, 9 деректі және 4 анимациялық фильмдердің жобасы жүзеге асырылып отыр.