Кеңес шеңберінде 1 маусымнан бастап республика аумағында өткізілген «Көкнәр» кең ауқымды жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындылары талқыланды, сонымен қатар есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестің тиімділігін арттыру бағыттары белгіленді.
А. Выборов атап көрсеткендей, ІІМ-нің осы бағыттағы күші есірткінің заңсыз айналымы жолын кесуге, нашақорлықтың алдын алуға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және үйлестіруге, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге жұмылдырылды.
Есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан кешенді шаралар, оңтүстік шекараларды нығайту, есірткіге қарсы заңнаманы күшейту еліміздегі есірткі ахуалын біршама тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Жыл сайынғы «Көкнәр» операциясы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың тиімді әдістерінің бірі болып табылады, оның мақсаты - Шу алқабынан есірткі дайындау мен тасу арналарының жолын кесу, «ауған» есірткі трафигі арнасын жою, есірткі бизнесімен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау.
Тек операция кезеңінде заңсыз айналымнан 18 тоннадан астам әртүрлі есірткі алынды. Ірі көлемде марихуана мен героин жеткізудің 35 фактісінің жолы кесілді, 8 «бақылаудағы жеткізілім», оның ішінде 2 сыртқы операция өткізілді. Есірткі қылмысын жасаған 13 шетелдік ұсталды. Операция барысында арнайы даярлықтан өткен қызметтік-іздестіру иттері пайдаланылды.
Мысалға, еліміздің аумағы арқылы Ресей Федерациясына героин транзитімен, сондай-ақ Ресейден синтетикалық есірткіні Қазақстанға тасумен айналысқан 2 трансұлттық топ жойылды.
Кеңесте құқық қорғау және арнайы органдардың өзара іс-қимылы, оның ішінде есірткі құралдарының контрабандасына және заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша мәселелері қаралып, Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен, АҚШ-тың Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментімен арадағы ынтымақтастық атап көрсетілді. Өткен жылы аумақтық есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармалары мен ІІМ Кинологиялық орталығының бөлімшелерін, материалдық-техникалық нығайту бойынша бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл туралы ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметінен хабарлады.