Алматыда күл өңдейтін комбинат салынады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Алатау ауданында орналасқан Индустриялық аймақта күлді терең қайта өңдеу комбинатының құрылысы басталмақ.

Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Осы жобаны жүзеге асыру аясында Алматы әкімдігі жанындағы Инвесторларға қызмет көрсету орталығы мен «Kazzolokom» ЖШС және «Mainfield Corporation Limited» ЖШС арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.

Бұл комбинат 1600 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, күлді қайта өңдеу - үлкен сұранысқа ие өнімді шығаруға, сондай-ақ қалада экологиялық ахуалдың жақсара түсуіне септігін тигізеді.

Шикізат ретінде Алматы жылу-электр орталығынан (ЖЭО-2) шығарылған күл қолданылады деп күтілуде.

Комбинат өнімінің 80 пайызы коттеждік кент, жалға берілетін тұрғын үй, өнеркәсіптік нысандар, сондай-ақ автокөлік жолдарын салуға жұмсалады.

Комбинат өнімі нанотөсеніші бар тамаша жолдарды салуға мүмкіндік береді. Бұл жолдың негізіне көбіктенген шыны мен геосинтетикалық материал қолданылады.

Жаңа құрылыс материалдары, сондай-ақ сұйық шыны мен көбіктелген шыныны қолдану арқасында жолдардың сапасы өте жоғары болады.

Комбинат өз өндірісінде экологиялық таза шикізаттар мен құрамдас бөліктерді қолданады.