Алматыда Қызыл Ай қоғамы қайырымдылық акция өткізді

АЛМАТЫ. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -  Бүгін Алматыда қалалық комитеттің Қызыл Ай қоғамы қарттар күніне орай қайырымдылық акция өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз мұндай шараларды жыл бойы өткізіп тұрамыз. Әрқашан бұдан басқа да көмектер көрсетіп келеміз. Демеуші табу қиын уақытта, мұнай өндіру мен өңдеумен айналысатын «ПетроҚазақстан» компаниясына алғысым шексіз.  Шара өтіп жатқан ғимарат кезінде Дінмұхамед Қонаевтің қабылдау үйі болған. Біз әрқашан ол кісіге ризашылығымызды білдіріп, осындай акцияларды осы үйде өткізіп тұрамыз», деді  Қызыл Ай қоғамының төрайымы Дарико Хасанғалиева.

«Арбат» ресторанының демеушілігімен тегін ұсынылған ресторанға 80-нен аса Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері, қаланың мүгедек, жағдайы нашар зейнеткерлері, чернобыль және ауған соғыс ардагерлері және тағы да басқа әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар шақырылған.

Алматы қалалық комитетінің Қызыл Ай қоғамының ұйымдастыруымен өткізілген акцияға еліміздің танымал эстрада жұлдыздары, өнер қайраткерлері қайырымдылық концерт қойды.

Акцияда шақырылған қонақтарға дастархан жайылып, азық-түлік салынған дорбалар табысталды.