Криминалды полицияның деректері бойынша, дәйексіз мәліметтерді белсенді таратушылардың аты-жөндері сотқа дейінгі өндіріс аясында жүргізіліп жатқан кешенді жедел шаралар нәтижесінде анықталды.
«Қоғамдық үрей туғызған арандатушылардың бірі - 1995 жылы туған Ч. есімді азаматша. Ол - жоғары оқу орындарының бірінің студенті. Ол әлеуметтік желідегі өзінің хабарламаларында «Сити Плюс» сауда үйінде адамдардың кепілдікке алынғандығы, құрбан болғандардың бар екендігі жайында қайта-қайта табандылықпен мәлімет таратқан. Тағы бір жалған мәлімет таратушы - 1993 жылы туған азамат. Ол коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, қаланың төменгі жағында қаруланған 100 адамның адамдарды қырып жатқаны жайында әдейі жалған ақпарат таратқан.
Екі тұлға да ұсталды. Қазір олардан ҚР ҚК 274-ші бабының 2-ші тармағында көрсетілген қылмыстар нышаны бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында жауап алынып жатыр. Жақын уақытта іс жүргізу рәсімі бойынша күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы тағайындалады», - деді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Сонымен қатар, полиция бөліміндегілер көпе-көрінеу жалған ақпарат таратқан басқа да тұлғаларды анықтау бойынша жедел-іздестіру шарасының жалғасып жатқандығын айтты.
«Азаматтарды тағы да заң талаптарын сақтауға шақырамыз. ҚР Қылмыстық Кодексінің жаңа редакциясында БАҚ немесе басқа да ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып қасақана жалған ақпарат таратқандық үшін жауапкершілік қарастырылған. Осыған байланысты, әрбір азамат әлеуметтік желілерде болсын, басқа да ресурстарда болсын өзінің ойын, пікірін, пайымын, уәждерін ақылға салып барып жариялауы тиіс.
Сондықтан, дереккөзі белгісіз, күмәнді мәліметтерді таратуға жағдайлар, алғышарттар жасамауға шақырамыз. Тек ресми ақпараттарды ғана пайдалану қажет», - деді майор С. Әзірбек.