Оны кітап авторы Кәкен Әбенов бүгін ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында өткен тұсаукесер рәсімде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«1941 жылы Қазақстанда 2 Қазақ бригадасы құрылды. 100-ші бригада Алматыда, 101-ші бригада Ақтөбеде. Олар бір уақытта, бір күнде 1942 жылы қарашаның 25-і күні Ржев түбінде соғысқа кірді. Онда өте қатты ұрыс болды. Бір айдың ішінде 80 пайызымыз оққа ұшты. Калинин майданында 39-шы Армияның құрамында Ржев плаңдармында соғысқан және КСРО әскери басшылығының «Марс» әскери операциясын жүзеге асыру барысында қаза тапқан марқұмдарды есте қалдыру мақсатында осы кітапты жаздым», дейді 100-ші бригаданың мүшесі Кәкен Әбенов. Ардагердің айтуынша, кейін ол құрамында болған 100-ші бригаданы қайта жасақтаған кезде 6 мың адамнан 530-ы ғана аман қалғаны белгілі болды. Алайда бұл туралы айтуға тиым салынғандықтан, оған ұзақ жылдар бойы баға берілмей келді. Тек 60 жылдан кейін ғана Ржов ауданында іздеу тобы құрылып, Қорғаныс министрлігінің Мәскеудегі орталық мұрағатынан Ржовта оққа ұшқандардың тізімі жасалған.
Қазір тарихшылар Ржов шайқасын Сталинград шайқасымен теңестіріп жүр. Тіпті кейбір зерттеушілер әскери техникалар мен әскери жеке құрамдардағы жауынгерлердің шығыны бойынша оның Сталинград шайқасынан асып кететінін дәлелдеп шықты. Ржов плацдармын немістер Мәскеуге жасалынатын екінші жорықтың бастамасы деп санады. Ал Кеңес әскер басшылығы олардың «Орталық» деп аталатын негізгі армиясын генерал Паулюстің армиясына көмек көрсетуіне тосқауыл қоюды мақсат тұтты. Сондықтан да Кеңес армиясының Сталинградтағы жеңісіне Батыс және Калинин майданындағы әскерлер зор үлес қосқанын ұмытпауымыз керек», дейді майдангер Кәкен Әбенов. Оның сөзіне қарағанда, екі елдің үкіметтері Ржовта және Алматы мен Ақтөбеде 100, 101-ші бригада майдангерлеріне ескерткіш қою үшін арнайы қаулы шығарып отыр.