деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бейнероликтер мегополистің бес өзекті тақырыбына арналған. Бірінші бейнеролик демография мәселесіне арналып, «Алматы - біз болашақ қамын ойлаймыз» деп аталса, екінші бейнеролик қала мәдениетіне арналып, «Алматы - еліміздің рухани және мәдени орталығы» деген атпен жарық көрді. Үшінші бейнеролик Алматы қаласында өзекті тақырыптың бірі болып отырған көлік кептелісі мәселесіне арналып «Алматы. Қала тынысын кеңейтеміз» деп аталады. Төртінші бейнеролик бүгінгі күні Алматы қаласы үшін басты тақырып болып отырған 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының дайындығына арналған. Ол бейнеролик «Алматы - біз әлемнің спорттық жетістіктеріне куә боламыз» деп аталады. Соңғы, бесінші ролик Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетіне арналып «Алматы - Қазақстанның ғылыми және танымдық орталығы» деп аталады.
«Есте қалған галерея» деректі фильмінде 1981 жылы алғашқы рет Қазақ ССР-нің халық әртісі Жамал Омарованың құрметіне қойылған мемориалды тақта тарихынан бастап, ел тарихына өзіндік қолтаңбасын қалдырған Дінмұхамед Қонаев, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Қаныш Сәтбаев, Қалтай Мұхаметжанов сынды тұлғалармен қатар, Алматы қаласында тұрған барлық өнер мен мәдениет қайраткерлері, саясаткерлер мен ғалымдар жайлы сөз болады. Фильм барысында қалада қойылған жүзден аса мемориалды тақталардың авторы Павел Шорохов бұл жанрдың дамуы туралы ойымен бөлісіп, тақталардың тарихы туралы сыр шертеді.
«Біз тапсырыс алғанда әлі түсірілмеген тақырыпты көтеруге тырысып, біздің қала қандай деген сұраққа жауап іздедік. Сондықтан мемориалды тақталар тарихы туралы деректі фильм түсірдік. Бұл осы тақырыпта түсірілген бірінші деректі фильм болып саналады. Ал, бейнероликтерді дайындау барысында қаламыздағы өзекті деген тақырыптарды көтеруге тырыстық», деді Алматы қаласының Үкіметтік емес ұйымдар конфедерациясының президенті Ләйлә Ахметова. Оның айтуынша, бұл бірінші тапсырыс, екінші тапсырыс бойынша биылғы жылдың ақпан айында қазақ және орыс тілінде, 250 беттік «Мен тұратын қала» деп аталатын Алматының ескі және жаңа фотолары енгізілген кітап жарық көреді.