12:12, 20 Маусым 2009
Алматыда мектепті үздік бітірген түлектер Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойды
АЛМАТЫ Маусымның 20-сы. Қаз Ақпарат /Жанар Шағалақова / - Бүгін Алматыда мектепті үздік бітірген түлектердің дәстүрлі Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл шараның өтіп жатқанына биыл 12 жыл толып отыр. Оған түлектер ғана емес, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық, халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалар мен түрлі байқаулардың жеңімпаздары да атсалысты. Алматыда биыл мектепті 8378 түлек бітіріп шықты. Оның 6707-сі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, «Алтын белгіден» үміткер 94 оқушы өзінің үздік білімін дәлелдеді», дейді қалалық білім басқармасының тәрбие бөлімінің меңгерушісі Қатипа Молдабаева. Оның айтуынша, енді бүгін кешке Астана алаңында «Жас түлек Алматы-2009» фестивалі өтеді. Онда үздік түлектерді «Алтын белгі» төс белгісімен марапаттау рәсіміне қала әкімі Ахметжан Есімов қатысады. Ахметжан Смағұлұлы бұл шарада 10 мүмкіндігі шектеулі және жетім балаға жоғарғы оқу орындарында оқуға білім гранттарын табыс етпек. Фестиваль кезінде биыл алғаш рет мектеп бітіруші түлектер қазақ эстрадасының жұлдыздарымен сахнада бірге өнер көрсеткелі отыр. Бұл фестиваль мерекелік отшашумен аяқталады деп жоспарлануда.