Алматыда монополия субьектілеріне тариф есебінен 1,3 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды - департамент директоры

АЛМАТЫ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті былтыр монополия субъектілерінің 2 инвестициялық бағдарламасын мақұлдады.

Оны департамент директоры Дәурен Жандарбек бүгін 2010 жылдың қорытындысана арналған мәжіліс кезінде мәлімдеді.

«2010 жыл департаментке монополия субъектілерінен инвестициялық бағдарламаларды бекіту үшін 7 өтініш келіп түсті. Оның екеуін мақұлдап, төртеуін бекітпедік, ал біреуін өтініш беруші кері қайтарып алды. Сондай-ақ жүзеге асырылып жатқан 5 инвестициялық бағдарламаға мониторинг жасадық. Тариф есебінен тартылған инвестицияның жалпы көлемі - 1,3 миллиард теңгені құрады», - дейді Дәурен Жандарбекұлы.

Оның айтуынша, одан монополия субьектілерінің инвестициялық тартымдылығын арттыру, актив жүйесін жаңарту және тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын көтеру күтіліп отыр. Дағдарысқа қарсы және стратегиялық жоспардағы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде орта мерзімдік немесе ұзақ мерзімдік тарифпен жұмыс істейтін табиғи монополия субъектілері санының өсуі 15 пайыз болды. Ал шикізат пен материалдық шығындар нормасын оңтайландыру 28 пайызды, әкімшілік шығынды азайту 43 пайызды құрады.