Алматыда негізгі қорлардың ұдайы өндірісі саласындағы ғылыми мектептің негізін салушы, академик Қаби Оқаевтың 80 жасқа толу мерейтойы аталып өтті

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 141-і. ҚазАқпарат /Серік Қойбағаров/ - Бүгін Алматыда Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетінде көрнекті ғалым-экономист, ҚР Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы Қаби Оқаевтың 80 жасқа толу мерейтойына арналған салтанатты шара өтті.

Шараға Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдарының өкілдері, таяу және алыс шетелдерден қонақтар қатысты. Жиында сөз сөйлегендер Қ.Оқаевтың Қазақстанның экономика ғылымына қосқан үлкен үлесін, университеттің құрылуы мен қалыптасуындағы зор рөлін атап өтті.

Университеттің бірінші проректоры, экономика ғылымдарының докторы Шолпан Әбділманованың айтуынша, Қаби Оқаев бүкіл өмірін білім беруге, экономика ғылымына арнаған көрнекті тұлға, ұлағатты ұстаз. Ол құрған ғылыми мектептің атақ-даңқы елімізден тыс жерлерге де кеңінен танымал.

«Ол негізгі қорлардың ұдайы өндірісі, негізгі капитал саласындағы ғылыми мектептің негізін салушы. Оның ұзақ жылдар бойы зор қажыр-қайратпен жасаған еңбектері көптеген заңнамалық актілер жасалымдарының негізіне алынды. Бүгінгі таңда отандық өндірісті қалпына келтіру, негізінен Қ.Оқаевтың әдістемелік ұсыныстары бойынша жүргізілуде», - деді Ш.Әбділманова.

Шара барысында өнер шеберлері концерт қойды, жоғары оқу орнының көркемөнерпаздары өз өнерлерін көрсетті.