Жиынға ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары мен профессорлар құрамы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, зиялы қауым өкілдері және жастар қатысты.
«Конституция адамның құқығы мен бостандығының басымдығы екендігін мойындайтын әмбебап қағидаларға негізделеді. 1995 жылы қабылданған Ата Заң жаңа тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалады. Сөйтіп, біртұтастық қағидасын енгізуге, жаппай сайлаудан бас тартуға, орталық пен аймақтардың рөлін теңдестіруге қол жеткізілді. Конституция талаптарын орындау - тәуелсіздігімізді нығайтуда, экономикалық өсімді қамтамасыз етуде және сыртқы дағдарыстардың ықпалын азайтуда үлкен маңызға ие», - деді ҚР БҒМ Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Зарема Шәукенова.
Алматы қалалық мәслихатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Ахметжан Шардинов өз кезегінде мемлекеттің тек қана белгіленген шекара аумағы, азаматтардың бірлігі немесе билік институты ғана емес, сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығын, тәжірибесін және болашаққа деген сенімділікті сақтайтын күш екендігін атап өтті.
Бүгінгі жиынға қатысушыларды құттықтай отырып, Ата заңымыздың негізін қалаушылардың бірі, заң ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Сұлтан Сартаев әр кезеңде қабылданған Конституция сол кезеңнің ахуалын айқындап отыратындығын айтты.
«Біз қазір бесінші Ата заңның аясында өмір сүріп жатырмыз. Бұл анағұрлым озық Конституция. Онда Президенттің кең көлемдегі құқықтары қарастырылған. Бұл бізді нағыз демократиялық жүйеге бастайды. Түпкі мақсатымыз - «Мәңгілік ел» идеясы. Яғни, еліміздің тәуелсіздігі нығайып, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі деген сөз», -деді С. Сартаев.