ОРАЛ. 6 маусым. ҚазАқпарат - Алматы қаласында өткен ІХ халықаралық «Күншуақ» фестивалінен жаңақалалық өнерпаздар табысты оралды.
Республика бойынша 109 оқушы қатысқан өнер фестиваліне домбырадан Жаңақала аудандық Қ.Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінен Зарина Талапқалиева (оқытушысы А.Жаналиева) мен Аманай Қасымов (оқытушысы Г.Шуақбаева) барып, бақ сынаған еді. Күй анасы Динаның «Науысқы», Қаршыға Ахмедияровтың «Алтын ұя» күйлерін орындаған З.Талапқалиева бірінші, Динаның «Байжұмасы» мен Қ.Ахмедияровтың «Нұрғисасын» орындаған А.Қасымов екінші орынды жеңіп алып, фестивальден жүлделі оралды.
Бұл балалар музыка мектебі оқушыларының өнер додасындағы алғашқы жеңісі емес. Мамыр айында Астана қаласында өткен «Сәлем, Астана» байқауына қатысқан осы мектептің оқушысы Райымбек Тарихов та (оқытушысы Е.Ғұбайдуллин) үшінші орынмен оралған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).