Алматыда Республика сарайы жөндеуден өтеді

None
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Екатерина Ионова/ - Бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов елдегі ең ірі концерт залы - Республика сарайының техникалық жай-күйі мәселесіне арналған кеңес өткізді. Ғимаратқа алдына ала техникалық тексеру жүргізгеннен кейін Қазақ құрылыс ғылыми-зерттеу институты мен «KazGOR» жобалау академиясының мамандары оған жаңарту жұмыстарын жүргізу қажет деген тоқтамға келді.

Бүгінде Республика сарайының барлық инженерлік желілері тозған, ол салынғаннан бері жөндеу көрмеген. Ғимараттың сахнасы, көрермендер залы және басқа бөлмелері бүгінгі талаптарға сәйкес келмейді.

«Аға ұрпақ  бізге республикалық маңыздағы осы тамаша сәулет және мәдениет ескерткішін мұраға қалдырды. 39 жыл пайдаланылған осы мәдениет ордасын жаңарту жөнінде алғаш рет мәселе көтеріліп отыр. Біз қаланың осынау көрікті ғимаратына қамқорлық жасауға тиіспіз», - деді А.Есімов.

Қала әкімі қарашаның 1-іне дейін ғимаратты жаңартудың техникалық тапсырмасын жасап, оны тексеріп шығуды мамандарға тапсырды.

Республика сарайы 1970 жылы салынды және В.И.Ленин атындағы сарай деп аталып келді. Ғимараттың сәулетшілері Владимир Алле, Владимир Ким, Юрий Ратушный, Николай Рипинский және басқалары осы құрылыс үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Сарай В.И.Лениннің 100 жылдығын мерекелеу кезінде ашылды және Алматының негізгі көрікті орындарының біріне айналды. Әр жылдары мұнда республикалық көлемдегі съездер,  концерттер, салтанатты жиналыстар, кинофестивальдар және басқа да саяси және мәдени маңызды шаралар өткізілді.