Алматыда Сақтаған Бәйішевтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Қазақстанның өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелері» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті

g> ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -  Бүгін  Алматыда  Экономика институтында ғалым, мемлекет қайраткері, публицист, э.ғ.д., профессор, академик Сақтаған Бәйішевтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Қазақстанның өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелері» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дөңгелек үстелде  ғалым-экономистер, жоғары оқу орындарының қызметкерлері Елбасымыздың экономика, ғылым және қоғам дамуындағы, ғылым саясатының қалыптасуы, қоғамдық - гуманитарлық ғылымдарының рөлінің артуына байланысты қойған міндеттерді, әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстан экономикасының  қазіргі кезең дамуындағы проблемаларды талқылап ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар  Сақтаған Бәйішевтің әріптестері ол туралы пікірлерімен бөлісіп, еске алып,  жазған еңбектерінің маңыздылығын атап өтті, ал шәкірттері естеліктерімен таныстырды.

«Сақтаған Бәйішев Экономика институтының директоры қызметінде  1970 жылдан 1980 жылға дейін Қазақ КСР-нің өндіргіш күштерін орналастыру, еңбек ресурстарын зерттеп, оларды қоғамдық өндірісте тиімді пайдалану, экономикалық тарих сияқты экономика ғылымын дамытудың ірі және болашағы бар бағыттарын әзірлеуге басшылық жасаған адам болған.   Оның тікелей жетекшілігімен экономист және тарихшы ғалымдардың тұтас бір легі тәрбиеленіп шықты. Олардың ішінен 30 адам ғылым докторлары болды. Қазір олар С.Бәйішевтің ғылыми мектебін қалыптастырып отыр. Сақтаған Бәйішевтің Қазақстан ғылымы алдында және туған елі алдында жасаған еңбегін атап кеткен орынды деп санаймын. Қазақстан жұртшылығы, ғалымдар, әріптестері, шәкірттері Сақтаған Бәйішевтың туғанынына 100 жыл толуына орай конференцияны, дөңгелек үстелді және көрмені ұйымдастырып еске алып, абзал ағаның рухына тағзым етіп, атап өтіп жатырмыз», деді Экономика институтының директоры, э.ғ.д., пофессор, академик Оразалы Сабден.

Оның айтуынша Сақтаған Бәйішев  Марксизма-ленинизм институтында тұңғыш аударма  секторын құрған. Сол арқылы қалың қазақ қауымы классиктердің туындыларын ана тілінде оқуға мүмкіндік алған.  Қазақ Ғылым академиясында "ҒА Хабаршысы - Вестник АН", "ҒА Хабарлары - Известия АН" сияқты мерзімді басылымдарды серияларды ретке келтіру бойынша орасан жұмысты жасаған. Сақтаған Бәйішев келіп түсетін мақалаларды өзі қарап, пікір жазып, жас авторларға жол сілтейтін. Жас ғалымдарды өзіне жеке шақырып, ақыл-кеңес беріп, үлкен ғылым жолына батасын беретін. Бұл Бәйішевтің жұмыс стилі болатын. Қазіргі кезде мұны бағалау қиын да шығар, ал ол уақытта жариялану оңай болмаған. Республикада ірі екі ғылыми журнал ғана болатын. Сақтаған Бәйішев жас ғалымдардың мақаласын жариялауға мүмкіндік ашты.

Сақтаған Бәйішев Қазан революциясының орденімен, екі Еңбек Қызыл Ту орденімен, "Құрмет белгісі" орденімен, тағы да басқа медальдармен марапатталған. Ол жалпы алғанда 300-ден астам ғылыми еңбек, оның ішінде 7 монография жариялаған.