Алматыда «Шаһнаманы» зерттеушілер бас қосты

trong>Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Дала өркениеті және «Шаһнама» атты халықаралық ғылыми конференция  өз жұмысын бастады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Иран мен Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Башқұртстан, Ресей мен Қазақстанның шығыстанушы ғалымдары қатысып жатқан конференцияның басты мақсаты - Қазақ пен Иран әдеби-мәдени байланыстарын нығайту, «Шаһнамаға» қатысты зерттеу жұмыстарын жинақтап, талдау, тұжырымдау.

Отырыс барысында айтылғандай бұл туындыны  қазақ тіліне аудару 19 ғасырдың 30-шы жылдары бастау алған. Алғаш рет 1867-70 жылдары Ораз молда 3 аударма, 1988 жылы Сердәлі ақын 1 тарауын, 1914-45 жылдары М.Сералин «Рүстем-Зораб» тарауын аударған. Ал поэманы аударуға Тұрмағамбет Ізтілеуұлы көп еңбек сіңірген. Ол аударған «Рүстем-Дастан» жыры қазақ тілінде 1961 жылы жеке кітап болып шығарылған. 2009 жылы Ислам Жеменей мен Алмас Алматов Тұрмағамбет қолжазбасының факсимелиесімен бірге, «Сарыарқа» баспасынан 2-томдық кітап қып шығарған.

Бүгін басталған отырыс барысында Ұлттық кітапхана ҚР Білім және ғылым министрлігінің Р.Сүлейменов атындағы шығыстану институтымен бірлесіп «Ұлы жібек жолындағы Түрк-Иран қатынастары: тарихи-мәдени аспектілер» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі өткізілмек. Сонымен қатар  қазақтың белгілі ақыны,  Шаһнаманы аударуға көп еңбек сіңірген Тұрмағамбет Ізтілеуов жайлы «Сыр сүлейі» атты деректі фильмнің таныстырылымы болады. Бұнымен қатар «Шаһнама» туралы құжаттық шығармалар және «Тус қаласы - Фердоусидің отаны» атты деректі фильмдер көрсетіліп, Ұлттық кітапхана қорындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы Фердоусидің «Шахнамасы», Иран өмірі мен шаһнама тақырыбындағы суретшілер көрмесі  өткізіледі.