Кешке ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері мен тарихшылар, мәдениет басқармасының қызметкерлері, саясаттанушылар мен ЖОО-ның студенттері қатысты.
Салтанатты шара Республикалық Ұлан сарбаздары ел байрағын алып шығу рәсімімен және Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталды. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» атты әдеби-музыкалық қойылым қойып, ЖОО-ның студенттері әннен шашу шашты. Кеш барысында «Қазақстан: Мемлекеттің тарихи даму кезеңдері», «Мемлекеттік рәміздер - Тәуелсіздік символы», «ЕҚЫҰ-ның алғашқы Саммиті», «Ақ Азиада - еліміздің абыройы» және тағы да басқа мәселелер төңірегінде ой қозғалып, пікірлер айтылды.
Салтанатты шараға арнайы шақырылған қонақ, еліміздің мемлекеттік туының авторы Шәкен Ниязбеков: «Сандаған ғасырлар бойы бабаларымыздың асыл арманы орындалған Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Бүгінгі кеште жалындаған, патриот жастарды көріп риза болып отырмын. Сендердей жүрегі ел, Отан деп соққан жастар барда еліміз дамып, қарыштай беретініне сенемін. Келешек сендердің қолдарыңда! Сондықтан ел үшін аянбай еңбек етіңдер, біз сіздердің жетістіктеріңізді көріп марқайып, төбеміз көкке жетіп, батамызды беріп жүре берейік. Егеменді еліміз жасай берсін!», деген жүрекжаржы лебізін білдірді.
Шара барысында «Қазақстан-2020: Жарқын болашақтың жасампаз бағдары» атты кітап көрмесі ашылды. Көрмеге Тәуелсіз Қазақстанның бел-белестері, бүгінгі жетістіктері және жарқын болашағы туралы деректер мен құнды кітаптар қойылған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы, Тәуелсіздік, Елбасы туралы деректі фильмдер мен фотослайдтар көрсетілді.