Аталған іс- шараға мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, тіл жанашырлары, мемелекеттік органдар мен жастар ұйымдары, қаладағы жоғары оқу орындары мен білім мекемелеріндегі тілге жауапты мамандар және ұлттық- мәдени орталықтардың басшылары мен өкілдері қатысты. Қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахетовтың айтуынша, бағдарлама қазіргі кезде еліміздің барлық аймағында талқылануда. «Бүгінгі отырыс қорытындысы бойынша жасалған ұсыныстарды министрлікке жолдаймыз» дейді ол.
Отырыс сынмен басталды. Қатысқандардың пікірлерінше бағдарламада бірқатар кемшіліктер бар. Мәселен қазақ тілі басқа тілдермен бір деңгейде қалып қойған. Филология ғылымдарының докторы, лингвист-ғалым Бақытжан Хасеновтың айтуынша, бұдан бұрын да осындай бір жоба болған. Жаңа бағдарламада сол жобадағы кемшіліктерді түзетіп, реттеу керек еді. «Алдымен мемлекеттік тілден бастап тілдердің қолданысы зерттелуі қажет еді. Соның негізінде бұрынғы бағдарлама кемшіліктерін ескере отырып, қоғамның сұранысы негізінде бағдарлама дайындалса дұрыс болатын еді» дейді ғалым. Белгілі тіл жанашыры Асылы Османованың айтуынша бағдарлама қоғамның бағдаршамы болуы тиіс. «Алайда ол қоғам талабына сай болуы қажет. Сондай-ақ бағдарламаның жүзеге асу тетіктері нақтылануы керек. Бағдарламада қазақ тілі басқа тілдермен тең қалып қойған. Бұл дұрыс емес. Шаңырақ ортақ болған соң мемлекеттік тіл де ортақ. Сондықтан қазақ тіліне қатысты шараларды өзгерту керек. Қазақ басқа ұлттың көңіліне қарап келді, енді басқа ұлт өз жерінде ұйытып отырған қазақтың көңіліне қарасын. Мемлекеттік жұмысқа қабылдау кезінде барлық адамнан мемелкеттік тілді білуі бойынша емтихан алынсын. Қазақ тілін дамытуға талап күшейтілсін. Қазақ тілін дамыту керек емес. Дамыған тілді тек қолдануды енгізу керек. Бұған талап қана жетпей тұр» деді Асылы Османова. Ол сондай-ақ бағдарламаның жүзеге асу мерізімі 10 жылдан 5 жылға қысқару керек деген ұсыныс білдірді. «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшімнің айтуынша, бағдарламада кемшілік көп. «Алдымен 3 нәрсе реттелуі керек еді. Бірінші Заңдық мәселесі. Бұл бойынша Ата заңның 7 бабын өзгерту, екінші Тіл туралы заң қабылдау, үшінші Ономастика туралы заң қабылдау қажет еді. Бұл үшеуі де бағдарламада жоқ. Сондай-ақ бұл бағдарлама бұрынғы бағдарламаның жалғасы болуы керек еді. Өкінішке қарай, орындалмай қалған бұрынғы бағдарлама сияқты тағы бір жоба өмірге келді. Бағдарламаның тағы бір кемшілігі, басқа тілдердің аясының кеңуі. Мысалы қазір Қызылордада бір-ақ орыс мектебі бар. Бағдарлама қабылданған соң 90 орыс мектебі ашылуы тиіс. Бұның нәтижесін өзіңіз-ақ байқай беріңіз» дейді Дос Көшім. Жиынға қатысушылардың басым бөлігі бағдарлама қайта қаралуы қажет деп есептейді. Өйткені шикі тұстары көп.