деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көрмеге суретшінің өмір жолының әр кездерінде, театрларда, киностудияларда, кітап графикасы саласындағы графикалық түсіндірмелері, суретші-безендіруші, кино суретшісі қызметін атқарған кездеріндегі эскиздері, салған суреттері, қайталанбас туындылары қойылған.
«Құлахмет Қожықов - қазақ өнерінің ішіндегі құлагері. Ол өнердің төрт құбыласын түгел білген, театр, кино, графика, кескіндеме суретшісі. Бірақ, біз ол кісіні негізінен кино суретшісі дейміз. Өйткені, ол кино саласында үлкен еңбек сіңірді. Кинотуындының көркем болуы кино суретшіге байланысты. Сол жағынан келгенде оның «Қыз Жібек», «Гауһар тас», «Жамбыл», «Менің атым Қожа», «Біз Жетісуданбыз», «Қорытпа», «Атамекен» фильмдері ол кісінің қолтаңбасымен ерекше. Оның әсіресе, «Менің атым Қожа» еңбегіндегі эскиздері қайталанбас табиғи дүние. Сонымен қатар ол кітап графикасы саласында да өнімді шығармашылық еңбек етті, өзіндік қолтаңбасын тастады. Оның есте қаларлықтай етіп жасаған кітап иллюстрациясының тұтас бір галареясы республикамыздағы өнердің осы жанрының дамуында елеулі құбылыс болды. Олардың ішінде Абай поэзиясының графикалық түсіндірмесі тақырыбына арналған жұмыстары әлі күнге дейін ерекше орын алады. Сондай-ақ Құлахмет Қожықовтың ұлттық қолданбалы өнер тағдырын қолына алуына байланысты сіңірген еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ол Алматыда Республикалық ұлттық қолданбалы өнер мұражайының ашылуына мұрындық болған адам. Оның шығармашылық мұрасы мен отандық мәдениетке қосқан үлесі жан-жақты әрі тереңірек зерттей түсуді қажет етеді. ХХ-шы ғасырдағы Қазақстан бейнелеу өнері шежіресінен оның есімінің бірінші қатардан лайықты орын алуы - оның халқына адал қызметінің жемісі», деді Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясының проректоры Құдайберген Болатбаев.
Құлахмет Қожықов 1914 жылы Түркістан қаласында қазақтың ағартушы-педагогы әрі тарихшы ғалымы Қоңырқожа Қожықұлының отбасында дүниеге келген. 1932 жылы 18 жасар Құлахмет қазақ драма театрына суретші-безендіруші қызметіне қабылданады. 1933 жылы мамыр айында өткен «Еңлік-Кебек» спектаклін безендіру жас суретшінің шығармашылық күш-қуаты мен мүмкіндіктерін сынаған алғашқы белесі болған. Ол1933-1940 жылдары театр репертуарындағы 20-дан аса әр түрлі классикалық және заманауи спектакльдерді безендіреді. Қ. Қожықов ұлттық кинематографияның алтын қорына кірген көптеген киноленталарға қоюшы-суретшісі болды. «Менің атым Қожа», «Біз Жетісуданбыз», «Қорытпа», «Атамекен», «Гауһартас» және т.б. фильмдер осылардың қатарына жатады.1970 жылы Алматыда Республикалық ұлттық қолданбалы өнер мұражайы ашылып, оның директоры Қ. Қожықов болады.