17:54, 30 Наурыз 2009
Алматыда «Ұлық имам Әбу Ханифа және бүгінгі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді
АЛМАТЫ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда сәуірдің 2-3-і күндері «Ұлық имам Әбу Ханифа және бүгінгі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мәслихатқа әлемнің 10 елінен келген дінбасылар мен танымал теолог ғалымдар қатысады. Конференция кезінде Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті мен Шет тілдер және іскерлік мансап университетінде екі күн бойы әрқилы салалар бойынша түрлі секциялар ұйымдастырылмақ. Бұл алқалы жиын сәуірдің 4-інде Республика сарайындағы Мәуліт мерекесіне жалғасады деп жоспарланып отыр. Оған қатысушыларға діни басылымдар тегін таратылмақ. Әбу Ханифа, Әбу-Нұғман ибн Сәбит ибн Зуто ибн Маһ (699-767) - араб ғұламасы, ұлы имам. Кейбір ғалымдар оның есіміндегі «зуто» сөзіне байланысты парсы әулетінен шыққан болуы мүмкін деп есептейді. Бірқатар дерек көзі бойынша ұлты ? араб. Бабасы Зуто ? құл болған. Өзі кездеме сатумен, тігіншілікпен айналысып мол байлық жинаған.
Әбу Ханифаның кең тараған еңбектері «әл-Фикх әл-акбар» және «әл-Муснад». Алғашқысы акида (сенім, қағида) негіздерін баяндайды. Ол дәрістерден, ой-пікір, пайымдаулардан, шәкірттер сұрақтары мен оған берілген жауаптардан тұрады. Бұл еңбекті хадистер жиынтығы ретінде шәкірттері мен ізбасарлары құрастырған. 55 мәрте қажыға барған оны «Имам Ағзам», яғни ұлы имам деп атайды. Ол кісінің тақуалығы, әділдігі, адалдығы, қайырымдылығы, ғұламалығы, ойшылдығы, намаз, аят оқудағы өзіндік ерекшеліктері туралы аңыз-әңгіме көп. Әбу Ханифадан «Ілім соңында жүріп ренжіме», «Өзге діндегілермен де сыпайы қарым-қатынаста бол», «Кісінің қателігін көріп тұрып, сен де оны қайталама», «Бейшараларға зорлық жасама», «Патша алдында көп сөйлемеңдер және оған шақырғанда ғана кіріңдер», «Егер көршіңнің бір кемшілігін көрсең, өзгелерге жария етпе» деген секілді нақыл сөздер қалған. Жалпы мазһаб ? жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны білдіреді. Шариғатта арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығын «мазһаб» деп атайды. Бүгінгі күні пәтуә беретін дін маманы мұнымен қатар осы мәселеге қатысты сахабалардың пікірлері мен берген пәтуәларын, мұнан кейінгі мүжтаһид ғұламалар мен бүгінгі ғалымдардың да көзқарастарын біліп, әрі жергілікті халықтың ділі мен ұлттық ерекшеліктерін де жете ескеретіні түсінікті. Өзге үш мазһабтың негізін қалаушы имам Малик (717-795), имам Шафиғи (767-820), Ахмад ибн Ханбалдың (780-855) қай-қайсысы болмасын пәтуә беруде имамдардың ұлығы (имам Ағзам) Әбу Ханифаны ұстаз тұтып, оның еңбектеріне сүйенген. Ханафи мазһабын бүгінгі таңда әлем мұсылмандарының жартысына жуығы (48 пайыз) ұстанады. Ал мазһабтардағы айырмашылықтар тек «абзал» және «дұрыс» деген сөзде ғана. Біз өз мазһабымызды абзал санаймыз. Ал қалған үш мазһабты дұрыс деп танимыз. Тек біздің мазһаб «дұрыс», ал қалған үшеуі «бұрыс» деу адасушылыққа жатады. Ханафи мазһабы негізінен Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Түркия, Ресей, Кавказ, Кіндік Азия мен Қазақстан мұсылмандарына кеңірек тараған. Бұл мазһаб өзге үшеуімен салыстырғанда жұмсағы әрі халқымыздың табиғат болмысына, әдет-ғұрпына аса жақын. Өзге діни құқықтық мектептермен салыстырғанда өз жамағатына көп жеңілдік беруімен, әрі демократиялылығымен де ерекшеленеді. Сондықтан да өз кезінде жартылай көшпенді тұрмыс кешкен ата-бабаларымыз өз дүние танымы мен діліне тонның ішкі бауындай жақын болғандықтан мұны әу бастан-ақ қабылдаған.