Алматыда «Жас-Ай» ауруханасы ашылды

АЛМАТЫ. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше Алматыда «Жас-Ай» медициналық орталығының жаңадан ашылған 63 орындық жаңа ауруханасының таныстырылымы болды. Құрылғанына 10 жыл толған орталық бұл шараны еліміздің тәуелсіздік тойына орайластырып өткізіп отыр.

«Бұл Елбасының Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында сөз болған медициналық орталықтардың қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасы бойынша жүзеге асып отыр. Атап айтқанда, қатты науқастанып келген адамдардың сырқатын анықтау, оны емдеу шаралары бір орталықтан екінші орталыққа жүгірмей, бәрі бір жерде жүзеге асырылады. Сондай-ақ «Саламатты Қазақстан» бағдарламасындағы негізгі талап бойынша қазір кластерлік емдеуге мән беріліп отыр. Онда науқас үйде жатып емделсе де, клиникада жатып емделсе де, ауруханаға кіргеннен жазылып шыққанға дейінгі оның жағдайы дәрігердің тікелей бақылауында болады», - дейді «Жас-Ай» медициналық орталығының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы Жасан Зекейұлы. Халықаралық «Сократ» орденінің иегерінің айтуынша, орталыққа келіп емделушілердің саны 10 жылда 40 мыңнан асып, оның 7 мыңына тегін ем көрсетілген. Оның ішінде 500-ге жуық отбасыға бала сүю бақытын сыйлап, демографиялық өсімге зор үлесін қосқан. Сондай-ақ инсульттан сал болып қалған жүздеген науқастарды аяғынан тұрғызып, балалар церебралды салдануы диагнозымен түскен науқас балалардың да аурынан айығуына септігін тигізген көрінеді. Олардың кейбірі өздерін емдеген абзал жандарға ізгі ниеттерін білдіріп, қуанышын бөлісу үшін жаңа аурухананың ашылу рәсіміне арнайы іздеп келіпті.