Алматыда жасыл желек неге арық суымен суғарылмайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қалалық табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Масабаев Қоғамдық кеңес отырысында қалалық арық желілерінің мәселесін тілге тиек етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматыда арық желілері бойынша шағым көп. Құрылыс саласы қарқынды дамыған уақытта Алматыда арық желілері бұзылып, үлкен проблемаға айналды. Су жиналып қалатын орындарды анықтадық. Бұл нүктелер әл-Фараби көшесінде, Абай көшесінен жоғары жерде де бар. Егер бұрын арық суы Есентай өзеніне, Үлкен немесе Кіші Алматы суына қосылатын болса, жаңа экологиялық кодекстен соң біз суды қаланың төменгі аймағына бұра бастадық», - деді қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Масабаев. 

Оның айтуынша, қалада 1200 шақырымға созылған арық желісі бар. 

Қала билігі жасыл желекті арық суымен суғарамыз деген ойда болған еді. Алайда, бұған бірқатар мәселелер кедергі болып тұр. 

«Арықтарға су жіберсек, қаланың төменгі жағын, Райымбек, Мақатаев көшелерінен төмен қарай су алып кетеді. Южный саябағын, Ботаникалық бақ, ҚазҰУ саябағы, Гагарин көшесінің бойындағы бақ каналдарын қалпына келтіруге тырыстық. Бұл - Р-2, М-3, М-1 каналдары. Бірақ бұл каналдар Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты ұйымға тиесілі екен. Қалайша бұлай болды? Сол жағы тексеріліп жатыр», - деді Ә.Масабаев. 
Әкімдік аталмыш ұйымды өз қарамағына алмақшы. Алайда бұл көп қаржыны талап етеді. 

Әзірге арықтар жартылай ғана суғаруға пайдаланылып отыр. 

«Жароков, Розыбакиев көшелерінен су жіберсек, қаланың төменгі жағы суға батып қалады. Алмалы ауданындағы арықпен су жіберсек, Жетісу, Түрксіб аудандарындағы арықтар суға тола бастайды. Қатты нөсер жауған кезде, арық 1,5-2 сағат қана қызмет етеді. Одан ары су арнасынан тасып кетеді. Жасыл желекті суғаруға 3 сағат су жіберіледі. Арық желісі оған мүлде шыдас бермейді», - деді ол. 
Алматы билігі арық желілері арналарын бақылауда ұстайтын кәсіпорын жасақтауға ынта білдіріп отыр. 

«Басқа аймақтарда бөгендердің шыдас бермей, жарылғанын көзіміз көрді. Алматыда осындай қауіпті 30 учаске бар. Олардың 11-і бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Болашақта проблеманың алдын алу үшін», - деді Ә.Масабаев.