Алматыда жазасын өтегеннен кейін де өз «бизнесін» қайта жалғастырған есірткі саудагері ұсталды

АЛМАТЫ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда өз үйін есірткі саудасының ошағына айналдырған күдікті ұсталды.

Алатау ауданында орналасқан жер үйде ол бизнесін ашық жүргізіп келген. 

Алматы қаласы ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Денис Лоскутовтың сөзіне  қарағанда,  күдікті азамат бұған дейін де бұзақылық әрекеті және есірткі сатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алайда оған темір тордың арғы жағында өткізген күндері еш сабақ болмаған сияқты. Тәртіп сақшылары  жүргізген бірнеше арнайы операция нәтижесінде күдіктінің заңсыз есірткі заттарын сақтау мен тарату фактілері бейне жазбаға түсіріліп, артынша қозғалған қылмыстық іске тіркелді. Сондай-ақ жедел уәкілдердің үйлесімді жұмыстарының арқасында есірткі саудагері   3 келіден аса есірткіні сатуға ыңғайлы етіп кішкене қалташаларға  бөліп салып жатқан жерінде қолға түсті. Тәркіленген заттары сот-химиялық сараптамасына жіберіліп, есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қазіргі күні оның Алматы қаласына қандай жолмен әкелінгендігін анықтауда.