Алматыда жер асты өткелдерін жаңарту мәселесі талқыланды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қаланы абаттандыру және даниялық сәулетші Ян Гейлдің жобасын жүзеге асыру бойынша көшпелі кеңес өткізді.

Кеңес барысында әкім қаланың көзге түсер көрікті жерлері - «Арбатты (Жібек жолы көшесі), «Астана» алаңын, Орталық мәдениет және демалыс саябағын және басқа да жерлерді аралады.

Кеңеске қатысушылар қаланың орталық бөлігінде жаяу жүргіншілер аймағын жасау, көлік легін оңтайландыру, қоғамдық көлікті жаңарту және велосипед инфрақұрылымын жандандыру және дамыту мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, жаяу жүргіншілерге арналған жер асты өткелдерін жаңарту - көшпелі кеңестің күн тәртібіндегі басты мәселелердің біріне айналды.

Естеріңізге сала кетелік, Ян Гейлдің ұсынысы бойынша көшелер арқылы өтетін өткелдер, қалалықтар мен қала қонақтарына ыңғайлы және жайлы болуы үшін жер астына емес, жер үстіне салынуы керек.

Көшпелі кеңестің жұмысын қорытындылай келе, қала әкімі Ян Гейлдің тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша егжей-тегжейлі жобаларды әзірлеуді тапсырды.