Бұл жайлы ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми бүгін Алматыда Елбасы Жолдауындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өткен мәжілісте айтты.
«Бұл мәжіліс «Қазақстан-2050» стратегиясының ең маңызды бөлігі -жергілікті өзін-өзі басқарудың өзекті мәселелері туралы болмақ. Өйткені Алматы қаласында жергілікті өзін-өзі басқарудың бірталай оң тәжірибесі жинақталған. Біздің осы кеңесті Алматыда өткізіп отырғанымыз кездейсоқ емес», - деді Қ.Мәми. Сенат Төрағасының айтуынша, отырысқа қатысушылар өздерінің тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ өзін-өзі басқарудың қазақстандық үлгісін жетілдіру және оны іске асыру жөнінде нақты ұсыныстар берді. Соның бірі Алматы қаласы Алмалы ауданының жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша үйлестірушісі Ғұсман Шалабаев болды. Ол өз сөзінде: «Елбасы азаматтық қоғамның тиімді институттары құрылады деді. Біз қазірден халықаралық стандарттарға жауап беретін Қазақстанның өзін-өзі басқару жүйесінің қалыптасуына ықпал ететін қоғам мүшелерін белсенді түрде әзірлеуіміз керек. Бұл үшін бірінші, мектептер мен жоғары оқу орындарында өзін-өзі басқарудың негізі мен қиындығын жастар терең тереңнен меңгеруі тиіс. Яғни, оқу орындарында өзін-өзін басқару пәнін енгізу қажет. Бұл уақыт талабы. Екіншіден, халық арасында ақпараттық түсіндіру үшін мықты тұлғалар алу керек. Үшіншіден, пәтер иелері кооперативтері басшыларын дайындау, олардың халыққа қызмет көрсету міндеттілігін арттыру жолдарын қарастыру қажет»,- деген ұсыныс жасаған болатын.