Алматыда «Жолаушы бағыттарының қауіпсіздігі» атты акция өтуде

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін  қыркүйектің 9-да басталып, қыркүйектің 19-на дейін жалғасатын Астана - Қарағанды - Алматы - Тараз - Шымкент бағыты бойынша  өтіп жатқан «Жолаушы бағыттарының  қауіпсіздігі» атты  республикалық акцияға орай баспасөз конференциясы өтті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл шараның мақсаты - Қазақстан аумағында жолаушы тасымалын ұйымдастыру мен жүзеге асыруда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және реттеу бойынша тиімді шараларды қабылдап алдын алу.

Баспасөз мәслихатын ұйымдастырғандар қалааралық жолаушылар тасымалдау нарығында қалыптасқан жағдай туралы айтып, жолаушылар мен жүк тасымалына лицензиялауды енгізу мәселесін көтерді.

«Бұған себеп болып отырғаны - жолаушылар тасымалындағы автобус жүргізушілері жолаушылар мен жүкті тасымалдау ережелерінің талаптарын ескермеуі. Еңбек және демалыс тәртібін сақтай бермейді, рейс алдындағы медициналық және техникалық бақылаудан өтпейді. Ал автобустар мен жеңіл автокөліктердің орташа пайдалану мерзімі 15-20 жылдан асады», дейді ұйымдастырушылар.  

Қыркүйектің 9-14-і аралығында ҚР ККМ Көліктік бақылау комитеті жол полициясы органдарымен бірлесіп қалааралық жолаушылар тасымалындағы 370 автобусты тексерген, оның нәтижесінде 104  көлік пайдалану ережесін бұзушылықты анықталған.