Алматыда журналистер арасында футболдан республикалық турнир өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы, С.Бердіқұл атындағы Республикалық сыйлықтың иегері, Қазақстан спортының құрметті қайраткері Сұлтанғали Қаратаевтың 80 жасқа толу мерей тойына орай Алматыда журналистер арасында футболдан республикалық турнир өтеді.

Бұл туралы ҚазСТА медиаорталығы хабарлады.

1966 жылдан бастап дүбірлі додаларды қазақша сөйлеткен С.Қаратаевтың спорт журналистикасындағы еңбегі ерен. Әсіресе комментаторлық өнердің шебері ретінде елімізге танымал. Сұлтанғали Қаратаев тек спорт журналисі ғана емес, ғылыми-зерттеулік, тарихи-танымдық мақалалар жазуда да өз қолтаңбасы бар. Сондай-ақ білікті аудармашы ретінде де бірнеше еңбектері жарық көрген.

 Бүгінгі таңда осындай, ұрпаққа үлгі ретінде өзіндік ізі бар спорт ардагерімен күллі қазақ мақтанады. Елбасы Н.Назарбаев «Спорт - елдің мерейін асқақтатып, абыройын тасытатын сала» деп тегін айтпаса керек. Сондықтан да ел намысы сыналар шақтағы спортшылардың толағай табыстарының жаршысы бола білу де - қажырлы іс. Осы ретте талай спорт саңлақтарының түлеп ұшқан ұясы - Қазақ спорт және туризм академиясында спорт саласының насихатшысы болған Сұлтанғали ағамыздың 80 жылдық мерейтойы 29 - 30 қазан күндері өтеді: 29 қазан күні сағ.11.00 - Қазақ спорт және туризм академиясының акт залында мерекелік кездесу. Жаңадан ашылғалы тұрған «КазАСТ ТВ» телестудиясының тұсауын Сұлтанғали Қаратаев кеседі. 30 қазан күні сағ.10.00 - Мерейтой иесінің құрметіне арналған Қазақ спорт журналистерінің арасында футболдан республикалық турнир өтетін болады. Турнирдің өтетін жері: Алматы қ. Шевченко 110, Масанчи кошесінің қиылысы «Хан Тәңірі» стадионы.