Алматыда жыл басынан бері 8 мыңдай адам көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы полициясы жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 8 мыңдай адамды жауапқа тартты. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

2016 жылдың алғашқы тоқсанында Алматыға 61 мыңнан астам шет елдік азамат келген. Алматыға уақытша келетін шет елдік азаматтардың саны өткен жылмен салыстырғанда 24,3 пайызға ұлғайды. Шет елдіктердің басым бөлігі құрылыс, сауда және қоғамдық тамақтандыру салаларында жұмыс істейді.

«Алматыда жыл басынан бері 8 мыңдай адам көші-қон заңнамасын бұзғандығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 369 шет елдік азамат көші-қон заңнамасын өрескел бұзғаны үшін соттардың үкімімен Қазақстан Республикасы аумағынан шығарылды. Көші-қон заңнамасының талаптарын орындау бойынша күнделікті жұмысқа криминалдық, миграциялық полиция ғана емес, учаскелік полиция инспекторлары да тартылған», - деді өз сөзінде Алматы қалалық ІІД Көші-қон полициясы Басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Айдын Белгібаев.

Сонымен қатар, Алматыда 2 мың 500-ден астам шет елдік азамат көші-қон заңнамасын бұзғандары үшін әкімшілік жауапкершілікке, 160 шет елдік азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Мысалы, мигранттарды заңсыз әкелуді ұйымдастыру әрекеті бойынша - 3 қылмыстық іс, ал соттың елден аластату туралы үкімін орындамағаны үшін - 37 қылмыстық іс қозғалды.

Тағы бір айта кететін жайт, шет елдік азаматтар арасында жасалған қылмыстардың көпшілігі Өзбекстан азаматтарына тиесілі.

Жыл басынан бері, көші-қон заңнамасын бұзған барлығы - 3 998 шет елдік азаматқа айыппұл салынып, олардан - 41 млн. 665 мың теңге өндіріп алынды.

Сондай-ақ, Алматыда өткен жылы шет елдік азаматтарға 1 387 бастапқы рұқсат қағаз берілсе, 1 293 еңбек мигрантына жеке тұлғалардың қолында еңбек етуге берілетін рұқсат қағаздың мерзімі ұзартылды.

«Алматыда қалалық ІІД көші-қон полициясының бөлімшелері Ішкі істер департаменті және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, өткен жылы Алматыда елімізге келетін шет елдік азаматтардың жүріп-тұруын бақылау мақсатында «Мигрант», «Құқықтық тәртіп», «Астыртын мигрант» секілді жедел-алдын алу шараларын ұйымдастырды», - деді подполковник Белгібаев.