Алматыдағы ғылыми конференцияда «Алаш» қайраткері Иса Тергеусізовтың өмірі мен қызметіне талдау жасалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Ғылым Ордасы» РМК кешенінде Алаш қозғалысының қайраткері Иса Тергеусізовке арналған «Жетісудағы Алаш қозғалысы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция болды.

Оған қаладағы Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының және республика бойынша бірқатар жоғары оқу орындарының тарихшы, әлеуметтанушы ғалымдары және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.

«Жетісу өңірі - қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының, яғни «Алаш» қозғалысының өте қарқынды жүрген аймағы болды. Өкінішке қарай, бұл қозғалыс сәтсіз аяқталды. Бұған оны басқарған тарихи тұлғалар кінәлі емес. Бұл қозғалыс Ресей имериясының, одан кейінгі Кеңес үкіметінің жүргізген қатаң да қатігез саясатының себебінен сәтсіздікке ұшырады. Қозғалысты басқарған Иса Тергеусізов, Ыбырайым Жайнақов және басқа да тұлғалардың барлығы да Қытайға өтіп кетуге мәжбүр болды. Олар сол жақта да қуғынға ұшырады. Тағдырлары қайғылы болды», - деді өз сөзінде ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев.

Сонымен қатар, Мәмбет Құлжабайұлы Жетісу өңіріндегі ұлт-азаттық қозғалысы мұқият зерттеуді талап ететін келелі тақырып екендігін жеткізді.

«Жетісу өңіріндегі ұлт-азаттық қозғалысына атсалысқан тұлғалардың өмірі мен қызметтері күні бүгінге дейін мұқият зерттелмей келеді. Меніңше, осыған байланысты мемлекет тарапынан арнайы ғылыми жоба қолға алынуы тиіс. Иса Тергеусізовтың өмірі мен қызметіне арналған бүгінгі конференция қазақ халқының Жетісу өңіріндегі ұлт-азаттық қозғалысын жаңа сапада, жаңа сатыда зерттеуге негіз болады және оған серпін береді деген үміттемін», - деді М. Қойгелдиев.

Айта кетелік, Иса Тергеусізов 1882 жылы Жетісу облысы Верный уезінің Күрті болысындағы ауқатты қазақ отбасында дүниеге келген. Жетісудың осы Күрті өлкесінде бұған дейін халық емшісі Құртқа-тәуіп Сұлтанқожаұлы (1771-1906) өмір сүрген. «Алаш» қозғалысының қайраткері Иса Тергеусізов Құртқа тәуіп ұрпағының бірі.

Үш кластық білім алған Иса Тергеусізов өзін-өзі жетілдіруі, бірнеше тілді меңгеруі арқасында нағыз қайраткерге айналады. Ол патша билігі тарапынан тұтқындалу қаупіне қарамастан Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» кітапшасын таратуға өз үлесін қосты. 1899 ж. құрылған «Ағартушылықты қорғаушылар қоғамына» белсене араласқан.

Жаңа үкімет кезінде Иса Тергеусізов ағартушылық қызметін жалғастырып, Жетісу аумағында жоқшылықтан зардап шеккен қазақтарға жәрдем көрсеткен.

Иса Тергеусізов 1920 жылы басқа да алаштықтармен бірге Қытайға өтіп кетеді. Ол Қытайдағы қазақтардың азаттық қозғалысына да қомақты үлес қосқан.

Бүгінгі шараны ҚР БҒМ ҒК Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы бірлесе ұйымдастырды.