Оған Алматы қалалық мәдениет басқармасының өкілдері, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Башқұртстан, Қарақалпақстан және Дағыстанның Ноғай өңірінен мәдениеттану, өнертану, қоғамтану саласында еңбек ететін ғалымдар, мамандар, жыршылар және студент жастар қатысуда.
«Бүгінгі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның көздеген мақсаты - түбі бір түркі тілдес халықтар дәстүріндегі эпикалық жыраулық өнердің алатын орнын, бүгіні мен болашағын айқындау. Өйткені бүгінгі таңда бұл өте бір өзекті мәселелердің бірі деп есептеймін. Жырауларымыздың бүгінгі қоғамда алар орнын, мәртебесін айқындау үлкен маңызға ие. Ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсаған халқымыздың өмір жолында және бүгінде тәуелсіздікке қол жеткізуімізге жыраулардың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сонау Асан қайғы, Қазтуғандардан бастап, Абылай ханың қасындағы Бұхар жырау, Кенесары ханның қасындағы Нысанбай жырау, Исатай батырдың қасындағы Махамбет ақын, кешегі Сүйінбай ақындар халықты біріктіріп, береке-бірлікке шақырып, ұлттық рухын, намысын көтеруде өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан жыраулар бүгінгі таңда да тарих сахнасынан түспеуі керек. Өйткені, жыршы-жырау бар жерде халықтың ұлттық ой-өрісі, дүниетанымы дұрыс бағытта болады», - деді «ҚазАқпарат»тілшісіне берген сұхбатында Ықылас атындағы ұлттық музыкалық аспаптар мұражайының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, танымал жыршы Ұлжан Байбосынова.
Конференция барысында сонымен қатар, жыраулық өнердің мектептері, орындаушылақ дәстүрлер, қазақ халқының эпикалық жыраулық өнерінің тарихы, Анадолы халқының эпикалық жыр айту дәстүрі, манасшылар, Қарақалпақ халқының жыраулық дәстүрі бойынша баяндамалар жасалады.
Ал бүгін кешкі сағат 19:00-де Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Ұлы Дала Елі» фестивалі аясында «Жыр қанатындағы тарих» атты гала-концерт болады.