Алматыдағы қысқы Универсиада ойындарын теледидардан 1 млрд. көрермен тамашалайды деп күтілуде

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 2017 жылы болатын қысқы студенттік Универсиада ойындарын бір миллиардтан астам көрермен тамашалайды деп күтілуде. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімдігінде өткен арнайы жиын барысында «2017 жылғы Универсиадаға дайындалу және оны өткізу Дирекциясының» жетекшісі Әсет Әубдуәлиев мәлім етті.

«Универсиада - әлемде Олимпиада ойындарынан кейінгі ең ірі спорттық шара болып табылады. Сондықтан да мұндағы спорт ойындары Eurosport, Eurosport 2, ESPN (АҚШ), NHK World (Жапония), CCTV (ҚХР), Arirang (Оңтүстік Корея) секілді әлемге танымал телеарналар арқылы трансляцияланады. Сондай-ақ, Ресейдің де алдыңғы қатарлы телеарналары Универсиада ойындарын көрсететін болады. Қазір аталған телеарналармен трансляция жөнінде келісімдер жүргізіліп жатыр», - деді Ә. Әбдуәлиев.

Ол сонынмен қатар, трансляция аудиториясының ауқымды екендігін жеткізді. Оның айтуынша, Универсиада ойындарын 80 елден бір миллиардтан астам көрермен тамашалайды деп күтілуде.

Айта кетелік, қысқы Универсиада ойындары 2017 жылы 29-шы қаңтар мен 8-ші ақпан аралығында өтеді. Сегіз нысанда спорттың 12 түрінен жарыстар өтеді.