«Алматым жүрегімде» фестивалінің жеңімпазы «темір тұлпар» жеңіп алды

АЛМАТЫ.  Қыркүйектің  21-і. ҚазАқпарат /Екатерина Ионова/ - «Алматым жүрегімде»   ән фестивалінің жеңімпаздары  анықталды.

Фестивальдің  бас  жүлдесі - «Suzuki Grand Vitara»  көлігін -  «Гүлденген Алматы» әнімен    Айқын Төлепберген   жеңіп  алды.  Ал бірінші  орынды -  «Жасай бер, Алматы» әнімен   Ғазиза   Шаймаханова иеленсе,  екінші  орынды   - «Алматы»  әнін орындаған   Ерболат Құдайбергенов,  үшінші орынды - «Алматым -жәннатым»  әнімен  Нұржан  Керменбаев   еншіледі.    Жеңімпаздар    теледидар, ноутбук және бейнекамера  сияқты  жүлделі сыйлықтармен марапатталды.

 Конкурсқа  барлығы  15 орындаушы  қатысты.  Олар  қазылар  алқасы мен  көрермендерге   әр жылдары жазылған  Алматы  туралы  әндерді ұсынды.     Орындаушыларды   өнеріне   құрамына   Шөмішбай Сариев,  Әділ Жамбақиев,  Еркеш  Шөкеев, Нұрберген  Махамбетовтер   кірген    қазылар алқасы   бағалады.   Қазылар алқасына   КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек ері,   Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бибигүл  Төлегенова төрайым  болды.

 Бас жүлдені жеңімпазға Алматы әкімі Ахметжан  Есімов табыс  етті.  «Бұл конкурс    Алматының  еліміздің мәдени   орталығы ретіндегі мәртебесін  тағы да қуаттап  отыр.   Бүгінгі  жас  дарындардың    Қазақстанның  мәдениетін  дамытуға  өз үлестерін  қосатынына сенімдімін»,   деп атап көрсетті әкім  өз сөзінде.