ОКҚ-ның Алматыдағы филиалында сөйлеген сөзінде Ж.Естенов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы экономика секторында және әлеуметтік сала бойынша оң үрдісті сақтап келе жатқанын мәлім етті. Мәселен, 2016 жылдың 9 айында салық түсімі 194,5 млрд. теңге (болжанған көлемнің 108%-ы) болған.
«Аудан кәсіпорындарының өндірістік өнім үлесі жалпықалалық көлемнің 19,2%-ын құрайды. Ауданның өндірістік кәсіпорындары 8 ай ішінде 81,5 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Негізгі капиталған құйылған инвестиция көлемі ¬- 40 млрд. теңге (өткен жылдан 4,1% жоғары). Бөлшек тауар айналымы 299 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 22,4% өскен. Ауданда кеңселер, мейрамханалар ашуға қызығушылар көп, бұл әлеуетті инвесторлардың қызығушылығын да әлденеше есе арттырады.
Қызмет атқарып тұрған ШОБ кәсіпорындарының саны өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға дейін (16 177) өскен. Ал аудан бойынша ШОБ субъектілерінен түсетін салық түсімі 60,2%-ды құрайды», - деп хабарлайды аудан басшысы.
Оның айтуынша, 2016 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына жалпы сомасы 17,9 млрд теңгеге 32 кәсіпорын қатысады. «Жібек жолы» бағдарламасы бойынша 14 кәсіпкер жалпы сомасы 838,6 млн. теңге болатын жеңілдікті кредит алған. Екінші бесжылдық аясында Инсдустрияландыру картасы бағдарламасына үш кәсіпорын - «АДЗ» АҚ, «Металлпром» ЖШС және «Корпорация Сайман» ЖШС қатысады.
«Ауданды абаттандыру бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Сиреневый» және «С.Мұқанова» саябақтарында жөндеу жүргізілді, 5 балалар және 1 спорт алаңы пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, бюджет қаржысы есебінен 8 саябақ, 4 спорт және 3 балалар алаңында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр»,- деді Ж.Естенов.
Ауданда 7 жерде жалпы ұзындығы 6 шақырым болатын арықтарға түбегейлі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, одан басқа тағы 24 жерде арықтарға жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
«Көктемде және жаздың басында ауданның арықтар жүйесіне ауыртпалық түсті. Біздің ауданда үлкен сел жүрген жоқ, алайда арықтан судың тасу оқиғасы болды. Тастақ, Весновка аудандарын су басты. Сол себепті 24 жерде арықтарға жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, сонымен мәселені шешеміз», - дейді аудан әкімі.
Қазіргі уақытта 6 көше бойынша ұзындығы 1,9 км болатын орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. 6 жерде жөндеу жұмыстары әлі де жүріп жатыр. 15 автобус аялдамасында жөндеу жұмыстары аяқталды. 82 аулаішілік жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, деп түсіндірді Ж.Естенов.
Ауданның тұрғын үй көлемі 1426 көппәтерлі және 3495 жеке тұрғын үйден тұрады. Оларға 206 ПИК қызмет көрсетеді.
«Аудан аумағында 133 көппәтерлі ескі тұрғын үй бар. Қалалық сүру бағдарламасы бойынша Алмалы ауданында 9 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді», - деді ол.
Жұмыспен қамту жұмыстары «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» және «Алматы қаласын дамыту бағдарламасы» аясында жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 715 адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, оның 282-сі (69-ы - жастар) жұмысқа орналастырылған. 55 адам әлеуметтік жұмысқа тартылған.
«Есептік кезеңде 88 млн. теңгеге 7 аз қамтылған отбасыға атаулы әлеуметтік көмек, 41 отбасыға - балалар жәрдемақысы, мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде білім алуға берілетін жәрдемақы - 67 балаға, 514 азаматқа тұрғын үй жәрдемақысы берілді. Ай сайын бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде 1743 зейнеткер көмек алады. Төленген қаржының жалпы көлемі 49,9 млн теңге. Жеңіс күнін тойлау кезінде мүмкіндігі шектеулі жандар, ҰОС ардагерлері (116 адам), ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар жалпы сомасы 36,8 млн теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы алды», - деді ол.
Сондай-ақ, әкім білім беру саясатына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, ауданда 38 мектеп бар, онда 28030 бала білім алады. Жыл сайынғы ҰБТ көрсеткіші бойынша ортақ балл 96, 46%. 42 «Алтын белгіге» үміткердің 38-і өз білімдерін дәлелдеп шықты. Ауданнан 83 оқушы республикалық және қалалық олимпиадалардың жүлдегерлері атанды. Алматы әкімінің атынан ауданның 27 ұстазы және 20 оқушысы «Үркер» грамотасымен марапатталған.
Ауданда 26 мемлекеттік және 12 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Онда 7731 бала бар. «Балапан» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін 11 балабақшада 498 бөбек тәрбиеленеді. №18 мектеп аумағында 120 орындық жаңа балабақша құрылысы басталған. Ж.Естенов ауданды дамыту бойынша жұмыстар одан әрі жалғасып жатқанын айтты.