Жиын Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасына қарасты Алматы қаласы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптары мұражайында өтті.
Негізгі баяндама жасаған А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Айсәуле Аманбаева латын әліпбиінің маңыздылығына тоқталды.
«Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Жалпы, латын әліпбиіне көшу әлемдік деңгейде даму үшін қажет. Әлем бойынша елдердің 70 пайыздан астамы латын әліпбиін қолданады. Латын әліпбиіне көшу мәселесін 1991 жылы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының сол кездегі директоры Әбдіуәли Қайдар ағамыз көтерген болатын. Осы ойын жазып, Елбасына ашық хат жолдаған. Ол кезде латын әліпбиіне көшуге біздің әлеуметтік те, саяси да жағдайымыз болмады», - деді Айсәуле Аманбаева.
Жиында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы ең өзекті мәселелердің бірі қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарына байланысты алға қойылған міндеттер сараланды.
Еске сала кетейік, Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында
«Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім.
Бұл - сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз.
Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз.
Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек.
Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты.
Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес.
2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет.
Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс.
Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады», - деп жазған болатын.