Алматының туристік бренді таныстырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасы Жанна Төлегенова қаланың туристік брендін таныстырды.

Туристік брендті жасаудағы басты мақсат - қаланың танымалдығын, туристік тартымдылығын арттыру, инвестиция тарту, сондай-ақ қаланың бірыңғай стилін қалыптастыру.

Алматының туристік бренді мәдени-тарихи дәстүрлерді сақтап, және заманауи бетбұрыстарды ескере отырып жасалған.

«Логотип атомның құрылымын еске түсіреді. Ортасындағы алма - бұл ядро, ал айналасындағы жеті шеңбер - ядродағы энергияның жеті орбитасы. 7 саны - қазақ мәдениетінде қасиетті сан. Әрбір қазақ жеті атасына дейін біледі, жеті атаға дейін қыз алыспайды. Логотиптің түстік коды қазақтың ою-өрнегіне негізделген. Олар аспанның, Қазақстан Туының, күннің, еркіндіктің, өмірлік күш-қуаттың, табиғатпен үйлесімділіктің, шабыттың және шығармашылық жолдың пәктігін білдіреді», - деді Ж. Төлегенова.    

Латын әрпімен жазылған «Almaty» жазуы Алматының қонақжайлылығын, ашықтығын, туризмді дамытуды көздейтіндігін білдіреді. Жазу қызыл және жасыл түстерді қолдана отырып жасалған. Жасыл түс - жастық шақ пен көктемнің, даму мен өсудің символы, ал қызыл түс - өмірлік күш пен жасампаз күштің белгісі.

Логотипті ендіру барысында қаланың гербі қолданылады. Өйткені, ол ресми символ. Сондықтан, герб өзгертілмейді және жаңартылмайды. Ал логотип қаланың танымалдылығын, туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған фирмалық стильдің элементі.

Бұған дейін 2016 жылдың қаңтар айында Алматының Сәулет және қала құрылысы басқармасы қаланың бренд-бугін жасау бойынша байқау жариялаған болатын.

Жұмыстарды іріктеуге 14 адамнан тұратын сараптамалық комиссия құрылды. Олардың қатарында тарихшылар, өнертанушылар, суретшілер, дизайнерлер болды. Келіп түскен 109 өтініштің ішінен комиссия мүшелері 25 үздік жұмысты таңдады. Бұл жұмыстар дауыс беру үшін ғаламтор бетіне жария етілді. 

Дауыс беруге 3000-нан астам адам қатысты. Ең қызықты 8 жұмыс таңдап алынды. Кейін, солардың ішінен Тигран Туниянцтың әзірлеген жұмысы ең үздік деп танылды. Ол қаланың туристік брендін жасауға негіз болды.