Бұл туралы бүгін Алматыда басталған «Еуразияның ежелгі және ортағасырлық кенттенуі: Алматы қаласының қалыптасуы, дамуы және жасы» атты халықаралық ғылыми конференция барысында еліміздің жетекші тарихшы ғалымдары айтты.
Академик Карл Байпақовтың пайымдауынша, Алматының жасын Верныйдан бастау шын мәнінде қателік. Өйткені ежелгі Верный тұрғындарының өзі қаланың бос далада тұрғызылмағандарын айтқаны туралы деректер Шоқан Уәлихановтың, ресейлік ғалым Бартольдің, бірқатар кеңестік ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапқан. Бұнымен қатар Бабыр пен Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбектерінде Алматы туралы жазбалар кездеседі.
«Жалпы қала жасын анықтауда археологияның рөлі үлкен. Бұған дейін Алматының аумағына бірнеше археологиялық зерттеу жүргізілген болатын. Оның нәтижесінде бірнеше қалашықтардың орны табылды. Қазбалардың бірінде қала аумағынан табылған күміс тиын 1271-1272 жылдары жасалған. Бұл Алматының жасына тағы бір жаңа көзқарас туындатады. Басқа да айғақтарға сүйенсек, әсем қаламыздың 13 ғасырдан бастап Алматы деп атала бастағанын және тарихының 10-11 ғасырдан басталатынын бағамдауға болады. Демек Алматының жасы мың жылдан асты деп айтуға әбден болады», - деді К.Байпақов.
Ғалымның айтуынша, Алматы қазіргідей әрқашан сауда, саяси, әкімшілік орталық болған.
Алматының жасы туралы мәселенің көптен бері қоғамда пікірталас тудырып жүргені белгілі. Осыған нүкте қоюды мақсат тұтқан аталмыш конференция ертең аяқталады. Конференция қорытындысы бойынша ғалымдар Алматының нақты жасын жария етеді.