Әлсіз банктер Қазақстан нарығынан кетіп, кіл мықты банктер қалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстанның қаржы жүйесі белгілі бір сынақтарды бастан өткеріп жатқаны анық. Оның үстіне соңғы кездері еліміздің екінші деңгейлі банктері арасында «бірігу», «сатылу» секілді мәселелер жиі айтыла бастады. Сарапшылар пікіріне сүйенсек, Қазақстанның банк секторын үлкен өзгерістер күтіп тұр.

Биылғы жыл басынан бері Қазақстандағы 33 банктің алтауы қосылатындығы туралы мәлімдеген. Осындай қосылу процестері аяқталса еліміздегі қаржы нарығының жартысынан астамын немесе екінші деңгейлі банктердің жалпы активтерінің 51%-ын екі алып банк өз бақылауында ұстайтын болады. Айта кетерлігі, наурыз айында «Халық Банкі» мен «Қазкоммерцбанк» бірігу туралы меморандумға қол қойды. Бұл екеуі де нарықтағы елеулілер қатарындағы «ойыншы» еді. Екі банктің актив көлемі нарықта 1 және 2 орында тұр. Ақпан айының соңында «Қазкомның» активтер қоры 4,7 трлн теңге, ал «Халық банктікі» - 4,6 трлн теңгені құраған. Олар біріккеннен кейін активтердің жалпы көлемі 9,3 трлн теңгені құрайтын болады. Ендеше, елдегі банк секторы активтерінің үштен бір бөлігі жиналған Қазақстандағы алып банктің бірегей қаржы институты қалыптасып жатыр деген сөз.

Мұнан соң «Цеснабанк» пен «БанкЦентрКредит» бірігуді құп көрді. Қазақстанның нарығымен қарағанда бұл екеуі де осал банк емес еді. Осылайша, «Цесна+БЦК» нарықтағы өз жағдайын бірегей Банк ретінде нығайтатын болады. Бұдан бөлек «Capital Bank» пен «Tengri Bank» секілді екі қаржы институтының бірігетіні де айтылды.  

Айта кетерлігі, мұндай бірігулер Ұлттық банктің еліміздегі қаржы саясатының нәтижесі. Бұған дейін Ақордада өткен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің банк секторын сауықтыру жөнінде шаралар қабылдауды тездету керектігін еске салған болатын. «Қажет болған жағдайда, акционерлер өз банктерін нақты ақша арқылы қайта капиталдандыруға тиіс. Сондай-ақ, олар әлсіз банктерді біріктіруге бейімделуі тиіс», - деп тапсырған еді Елбасы.

ҚР Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев екі ірі банктің (Халық банкі мен Қазкоммерцбанк) бірігу үдерісіне былай деп түсінік берген-ді: «Елдегі экономикалық белсенділік баяулаған жағдайда, көптеген қаржы институттары үшін шоғырландыру үрдісі шешімдердің бірі болып табылады, сонда бір институттың күшті жақтарын біріктіру есебінен басқа институттың әлсіз жақтары жойылып, сау теңгерімді қаржы институты қалыптасуы мүмкін».

Бас банкир мұндай бірігулердің жалғасатынын айтып, ондай  үдеріс «бизнестің экономикалық бағалауына негізделетінін» жеткізген-ді. «Егер біріктіруді дұрыс деп болжасақ, нарықта ойыншыларды кооперациялау немесе шоғырландыру қаржы жүйесінің орнықтылығын жақсартуға алып келеді, біз мұны құптаймыз» деген болатын Бас банкир.

Расында бұл Ұлттық банк басшысының ғана ұстанымы емес. Өйткені Халықаралық валюта қорының миссиясы да Қазақстанның бас банкиріне «осал банктерді қатаң қадағала» деп ұсыныс айтқан-ды. Ал «қатаң қадағалап», «қатаң ұста» дегеннің астарында қаржы институттарына «қаржылай қолдау жаса» деген мәселе ғана тұрған жоқ. Шама келсе олардың әлсізін күштіге қосу мәселесі де осыдан қылаң береді.

Тағы бір мәселе, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Ұлттық Банкке қаржы секторын «жаңғыртуды» жүзеге асыру міндетін шешуді жүктеді. Банк секторын қалыпқа келтіру шаралар кешенін әзірлеу тапсырылды. Бұл үшін Ұлттық Банк екінші деңгейдегі банктердің балансын «тиімсіз кредиттерден» арылту жөніндегі жұмысты жеделдетіп, қажет болса акционерлер тарапынан банктерді үстеме капиталдандыруды қамтамасыз ету жөніндегі міндет қойылған. Сосын стресс-тестілеулер жүргізіліп, анықталған проблемалар ауқымына қарай тиісті шаралар қабылданады. Түптеп келгенде банктердің проблемалары банк жүйесіне деген сенімді жоғалтпайтындай жедел шешуді қамтамасыз ететін тәсілдермен жүзеге асырылады. Осылайша, сұрыптай келе Ұлттық банк Қазақстанның нарығында тек мықты банктерді қалдыруға ниетті екенін білдіріп отыр.

«Ұлттық Банк жалпы алғанда, нарықта тек күшті және қаржылық тұрғыдан орнықты, реттеушінің талаптарын орындауға және банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтірмей қызметін жүзеге асыруға қабілетті банктер жұмыс істеуге тиіс деген ұстанымды қолдайды. Әлсіз банктер нарықтан кетуге тиіс. Банктік қызметтер нарығында қалуға ниетті банктер елдегі және әлемдегі экономикалық ахуалдың және Қазақстанның банк секторы алдында тұрған сын-қатердің өзгеруі жағдайында тиісті шараларды қабылдауы керек», - дейді баспасөздегі сұхбатында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков. Ұлттық банк өкілінің «сын-қатер барысында тиісті шаралар қабылдауы керек» дегені де ең бірінші кезекте әлсіздерді күштілермен біріктіру жұмысы меңзеледі. Яғни, қаржы нарығында «ойнағың» келе ме, күшті болып, қаржыландыруды күшейт, әйтпесе басқамен бірігіп күшті бол! Бұл ретте Ұлттық банк өкілі ондай тәсілдің халықаралық тәжірибеге сай екенін де, тіпті Қазақстанда миссиямен болған Халықаралық валюта қорының сарапшылары бұған оң көзқарас танытқанын да алға тартады.

Осылайша, Ұлттық банк барлық банктерге бірігіңдер демесе де, жекелеген банктер бастама жасаған бірігу процесіне қолдау білдіріп отыр. «Бұл банктерді капиталдандыруды ұлғайтуға және клиенттерге қызмет көрсету бойынша қолданыстағы бизнес-процестерді жақсартуға ықпал етеді. Біз өз тарапымыздан банктерге банктік бизнестің тиімділігін арттыруға бағытталған ықпалдастыру процестерін тезірек аяқтау бойынша қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз», - дейді Олег Смоляков.

Тоқтала кететін жайт, Елбасы биылғы Жолдауында Қазақстанда тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізуге бағытталған, реттеушілік нормативтерді бұзбаған, бірақ тәуекелді саясатты жүргізетін банктерге қатысты алдын алу шараларын қолдану керектігін айтқан еді. Алдын алу шаралары шеңберінде Ұлттық банк реттеушілік және қадағалау процесінің халықаралық қағидаттары іске асырылатын болады. «Ұлттық Банк проблемалардың туындауын және тәуекелдің іске асырылуын күтпестен, дағдарысты құбылыстардың алдын алу бойынша жұмысты күшейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі кезде біз Еуропалық одақта қабылданған әдіснаманың негізінде тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізу тәсілдерін мақұлдадық. Бұл тәсілдер бизнес модельдің жұмыс істеу қабілетін бағалау әдіснамасын және оған тән тәуекелдерді айқындауды, банктердің тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін, сондай-ақ, капитал мен өтімділіктің жеткіліктілігін айқындаудың ішкі жүйелерін қамтитын жаңа қадағалау моделін әзірлеуді көздейді», - дейді Олег Смоляков.

Түйіндей айтқанда, Ұлттық банк ХВҚ сарапшылары айтқан ұсынымды қаперден еш шығармайды. Бұл үшін алдағы уақытта банктің қаржылық жағдайына қадағалау күшейеді. Банктің қаржылық жағдайының нашарлағаны туралы ақпаратты жасырған аудиторлар мен бағалаушыларға да жауапкершік күшейеді. Тіпті ондай ақпаратты жасырғандар үшін қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруға тыйым салынуы да мүмкін.