«Мемлекет басшысының Алматы облысындағы «Алтын Орда» базарының қызметін ретке келтіруге қатысты тапсырмасына сәйкес бірқатар бақылау шаралары жүзеге асты. Сауда орталығында жұмыс істейтін 2993 азамат кәсіпкер ретінде тіркелді. Оның ішінде ақпанда - 1371, наурызда - 1443, сәуірде 179 адам жеке кәсіпкерлік құжатын алды. Бұрыннан тіркеліп, жұмыс істеп отырған жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды қоса есептесек, қазіргі уақытта жалпы саны 3 324 субъекті бар. Бұрын базар аумағында сауда жасайтын 331 салық төлеуші есепте тұрған», - деп жазды ведомстводан.
Тағы белгілі болғаны, бақылау шаралары базарды жалға алушы «Altyn Orda QazTrade Ltd» ЖШС және базар иесі «KURYLYS LTD» - «Курылыс ЛТД» ЖШС-на қатысты жүргізілген. Қолданылған шаралардың нәтижесінде бюджетке 1,5 млрд теңге салық төленді, оның ішінде «Altyn Orda QazTrade Ltd» ЖШС 1,4 млрд теңге салық төлеген, «KURYLYS LTD» - «Курылыс ЛТД» ЖШС-і – 92,3 млн.теңге бюджетке аударған.
«Одан бөлек, қолданылған шараның нәтижесінде «Altyn Orda QazTrade Ltd» ЖШС мен «KURYLYS LTD» - «Курылыс ЛТД» ЖШС-ына камералдық бақылау бойынша жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге хабарламалар қойылып, 1,1 млрд теңге қосымша салық есептелді. Қазіргі уақытта оның 650 млн теңгесі бюджетке өндірілді», - деп толықтырды комитеттен.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта «Altyn Orda QazTrade Ltd» ЖШС мен базар иесі «KURYLYS LTD» - «Курылыс ЛТД» ЖШС-на қатысты салықтық тексерулер жүргізілуде.